Алматыда өртенген үйдің тұрғындары ресми жалға берілетін пәтер таба алмай жүр
Алматыда өрттен кейін далада қалған көпқабатты үйдің тұрғындары наразылық білдірді. Олар әкімдіктің мектепте ұйымдастырған уақытша орталығына жатқысы келмейді. Ал қонақүй немесе аяқасты пәтер жалдау құны тым қымбат. Жергілікті билік ұсынған қаржы оның біріне де жетпейді деп назын айтты тұрғындар.
Автор: Салтанат Шырынхан
03.08.2023
Мирас Игібаев:
- Біз мынандай проблемамен кездесіп тұрмыз. Олар: «Пәтер табыңдар, ресми жалға берілетін» дейді. Бүгін талап қойдық, ондай болмаса деп. Себебі, өздеріңіз білетіндей, ресми түрде жалға беретіндер аз. Мектепте сабақ басталайын деп жатыр. Бәрі оны біліп тұр. Содан кейін бағаны да қымбат жоғары сұрап отыр. Екіүш айға ешкім бергісі келмейді. Сол жағы бізге проблема.
Қызыл жалынның құрсауында қалған 16 қабатты үйде 96 отбасы тұрған. Жартысынан көбі мемлекеттік бағдарламамен жалға алынған баспана. Бүгін оқиға орнына келген аудан әкімі жаңа ұсыныс жасады: пәтерді әр отбасы өзі табуға тиіс. Тек бір бөлмелі баспана – 200 мың, екі бөлмелі – 300 мың, үш бөлмелі пәтер – 400 мың теңгеден аспауы қажет. Және бәрі ресми болуы міндеттелген. Яғни әр тұрғын өзі жалдап тұратын үй иесімен жасасқан келісім құжаты мен баспананың мекенжайын көрсетуі керек. Көмек екі айға қарастырылған. Өйткені өрт шыққан үйдегі қайта қалпына келтіру жұмысын сол аралықта аяқтайды. Бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін электр желісі түгел ауыстырылып, пәтерлер тазартылады. Тұрғындар өз үйіне қыркүйектің соңына қарай орала алады. Оған дейін дүние-мүліктің сақтығы да бақылауда болады деп отыр аудан әкімі.
Азамат Қалдыбеков, Алатау ауданының әкімі:
- Депозит ол әркімнің өзінің мүлікке деген жауапкершілігі. Сондықтан депозитті өзі төлеуге міндетті. Өйткені мемлекет депозитті төлей алмайды. Бұл бірінші сұрақ. Екінші сұрақ, алаңдатып тұрған, басқа ықшамауданға кетіп жатсақ, мектепті, балалардың мектепке орналасуы, балалардың балабақшаға орналасуы деген сұрақ туындап жатыр. Ол сұрақтарға біз әкімшілік ретінде көмек береміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!