{metadescription}
Қазақстан мен Ауғанстан 190 миллион доллардың келісімшартына қол қойды
Қазақстан мен Ауғанстан 190 миллион доллардың келісімшартына қол қойды

Қазақстан мен Ауғанстан 190 миллион доллардың келісімшартына қол қойды

Қазақстан мен Ауғанстан бизнес форумында 190 миллион доллардың келісімшартына қол қойылды. Басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін, ұн мен өсімдік майын жеткізуге, сондай-ақ майлы дақылдарды қайта өңдеу саласына бағытталған.

Тараптар алдағы уақытта ұн экспортымен шектеліп қалмай, көлік-логистика, энергетика, телекоммуникация салаларында әріптестікті нығайтуға уағдаласты. Қазақстан Ауғанстанның транзит әлеуетін де пайдалануға мүдделі. Талибан Үкіметінің сауда және өнеркәсіп министрі Нұриддин Азизи арнамызға берген сұхбатында транзит арқылы өтетін тауарлардың қауіпсіздігіне тәліптердің кепіл бола алатынын айтты.

Қазақстан мен Ауғанстан бизнес форумы. Елімізде тұңғыш өтіп отырған шараға сауда және интеграция министрлігі тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Қауіпсіздік өз алдына, алыстан ат арытып келген бизнес өкілдеріне жәрмеңке алаңы, меймандарға арнайы намазхана да әзірлеген, тіпті министр Жұманғариннің өзі де баяндамасын «біссімілләден» бастады.

Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Биссимиллахи рахмани рахим. Құрметті қонақтар, Астана қаласына қош келдіңіздер! Қазақстан Ауғанстанның тәуелсіз, бейтарап, біртұтас, бейбіт, демократиялық және гүлденген мемлекет ретінде қалыптасуын жақтайтынын тағы да растағым келеді. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан саудаэкономикалық, көлік-логистикалдық, және энергетикалық байланысты сақтауға мүдделіміз.

Қос тарап бұған дейін де бір-бірімен қол алысқан. Өткен көктемде ғана Серік Жұманғарин Кабулға жұмыс сапарымен барғанда өзара тауар айналымын 1 миллиардтан 3 миллиард долларға дейін арттыруға уағдаласып келген-ді. Талибан Үкіметінің сауда министрі Нұриддин Азизидің сөзінше, шетелдік инвесторлар тарапынан Ауғанстанға қызығушылық білдіріп отырғандар көбейген.

Нұриддин Азизи, Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі:

- Ауғанстанның аймақтағы маңызды өнеркәсіп орталықтарының бірі болу мүмкін екенін жақсы білесіздер. Ауғанстан ислам әмірлігі шетелдік инвесторларға, әсіресе Қазақстаннан және өңірдің басқа елдерінен келген кәсіпкерлерге ел ішінде қажетті жағдай жасауға дайын. Ауғанстандағы ұлттық қауіпсіздік, процесті жеңілдету, әкімшілік сыбайлас жемқорлықты жою және мемлекеттік істегі ашықтық Ауғанстандағы бизнестің өсуіне әкелді.

Ауғанстан біздің өнімді тұтынып отырған 10 мемлекеттің қатарында. Ұн экспортының 70 пайызы сол елге Өзбекстан арқылы жөнелтіледі. «Одан бөлек, энергетикалық сусындар, минералды тыңайтқыштар жеткізіліп, күнбағыс майына да қызығушылық бар» - деп отыр сауда министрі Серік Жұманғарин.

Орталық және Оңтүстік Азия торабында орналасқан бұл елдің транзиттік-көліктік әлеуеті де орасан. Біздікілердің келесі көздегені – халық саны шамамен 220 миллион Пәкістан нарығына шығу, одан ары Таяу Шығыс, Парсы шығанағы елдерінің нарығына ену. Қайткен күнде де қос тарап саудамен қатар көлік-логистика, энергетика, телекоммуникация салаларында әріптестікті нығайтуға мүдделі.

Артур Ахметов, кәсіпкер:

- Бүгін Ауғанстанға майлы дақылдарды жеткізу туралы келісімшартқа қол қоямыз. Жалпы сомасы 23 миллион доллар шамасында. Біз үшін Ауғанстан негізгі серіктестердің бірі. Бидайдан бөлек, ұн тасымалы да басым бағыт. Осыған дейін логистика мен төлемге келгенде басы ашық сұрақтар болған. Бірақ біз бұл мәселелерді түбегейлі шештік деп айта аламыз.

2021 жылы Ауғанстанның билігін басып алған тәліптермен қарым-қатынас орнату саяси аренада сирек кездесетін құбылыс. Бизнестің дамуына жағдай жасауға ден қойған ауғандар Орталық Азияда бізден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстанмен байланысын жандандыруда. Осы ретте президент Тоқаев та гуманитарлық мәселелерді шешу үшін Ауғанстанның жаңа билігімен байланыс орнатудан қашпайтынын кесіп айтқан. Ал делегацияны бастап келген сауда министрі Нұриддин Азизи арнамызға берген эксклюзив сұхбатында тауар тасымалдауда Талибан үкіметі өз аумағындағы қауіпсіздікке жауап бере алады деді.

Нұриддин Азизи, Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі:

- Қазір Ауғанстан шекарасында қауіпсіздікке қатысты ешқандай мәселе жоқ. Біз Ауғанстан Үкіметінің атынан транзит арқылы өтетін тауарлар діттеген жеріне проблемасыз жетеді деп кепілдік бере аламыз.

Саясат – саясатпен, бірақ сауда саттықтағы қарым-қатынастың жөні бөлек. Қазақстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымы осындай. Және бұған бүгінгі бизнес форум аясында ұйымдастырылған көрме дәлел. Ауғанстаннан келген делегацияның құрамында 180-ге тарта бизнес өкілі бар. Олар ірі энергетикалық компаниялардың өкілдері мен кілем, сусындар, түрлі асыл тас өндірушілері.

Экспо конгресі алаңында өтіп жатқан көрме екі күн бойы жалғасады. Ал бүгін қос тарап 190 миллион долларға келісім жасады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде