Жер үйде газ баллоны жарылып, екі адам зардап шекті – Алматы облысы
Алматы облысындағы жер үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, екі адам зардап шекті. Бет-аузы мен денесі оңбай күйіп қалған анасы мен баласы ауруханада жатыр. 42 жастағы әйелдің жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
03.08.2023
Дәулет Тастанбеков, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Әйелдің мойны, бет, алу жолдары, аяққолы – 35 пайызы күйген. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, бүгін бөлімшеге ауыстырылды. Ал баланың аяғының төменгі жағы күйген.
Оқыс оқиға Тұздыбастау ауылындағы үйде болған. Екі қабатты коттедждің сырты бүтін болғанымен, іші бүлінген. 42 жастағы әйел үйдің жертөлесінде жұмысшыларға тамақ істемек болып, кенет газ баллоны лап етіп, баспананың астаң-кестеңін шығарған. Әйелдің бет-аузы түгел күйіп қалды. Сол сәтте анасының жанында болған 22 жастағы жігіт те жарақат алды. Бірақ жарылыс өртке ұласпаған.Үй иесі сұхбат беруден бас тартып, тілшілерді ішке кіргізбеді. Жаңа салынған үйге газ тартылған. Бірақ келіншектің не себепті баллон қолданғаны әзірге белгісіз. Қазір апаттың себебі анықталып жатыр.
Самат Кенжехан, Алматы облысы ТЖД басқарма бастығы:
- Жеке тұрғын үйде газ жарылғаны туралы хабар келді. Оқиға орнына дереу Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жіберілді. Газ баллонын дұрыс пайдаланбаудан екі азамат зардап шекті. Оқиғаның мәнжайы мен себебі анықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!