{metadescription}
Алматы облысында бес жасар баланы каналдағы су ағызып әкеткен
Алматы облысында бес жасар баланы каналдағы су ағызып әкеткен

Алматы облысында бес жасар баланы каналдағы су ағызып әкеткен

Алматы облысында бес жасар бала каналдың суына ағып кетіп ажал құшты. Бүлдіршіннің денесін Жомарт саяжайының тұрғындары іздеп жүріп әрең тапқан. Бала бұл ауылға қонаққа келген екен. Жұрт қайғылы оқиғаға каналға жауапты мемлекеттік мекемені кінәлап отыр.

Өйткені кәріз суы ағатын аумақ мүлдем қоршалмай, қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Ал тұрғындар ағысы қатты суға ойын балалары абайсызда құлап, өлім-жітім көбейе ме деп алаңдайды.

Қайғылы оқиға кеше кешкі сағат алты шамасында болған. Ең алдымен бес жасар ойын баласының аяқ киімі каналға түсіп кетеді. Жеткіншек соны аламын деп суға ағып кеткен екен. Оның денесін саяжай тұрғындары үш сағатта әрең тауыпты.

Манарбек Жанұзақов баланың суға құлағанын ести сала, елдімекендегі жігіттермен іздеуге кіріскен. Ауыл азаматтары каналды бойлай бірнеше шақырым жүріп өткенімен, еш нәтиже болмапты. Ақыры құтқарушылардың көмегіне жүгіндік дейді жігіт ағасы.

Манарбек Жанұзақов:

- Өзіміздің ауылдың ватсапта чаты бар. Соған жанұшыра айғайлаған әйел адамның дауысы шықты. Бес жасар бала каналдағы суға ағып кетті деп. Қолымыздан келген көмекті берейік, жас сәби ғой деп каналды жағалап кеттік. Аяқ жағына дейін бардық. Арыбері жүгіріп, ТЖ қызметін шақырып, сағат кешкі тоғыз жарымда баланың мәйітін тауып алдық.

Ажалы судан болған бала осында тұратын туыстарына қонаққа келген. Ағысы қатты, тереңдігі екі метрге жуық канал елдімекеннің дәл іргесінде ағып жатыр. Бұл биологиялық тазалаудан өткен кәріз суы. Оқушылар осы каналдың үстіндегі шағын көпір арқылы мектепке барады. «Ашық-шашық тұрған сасық суға ұл-қыздарымыз құлап кете ме деп, күнде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз» - дейді тұрғындар.

Сұлупан Төребаева:

- Ертең осындай болатынына кім кепіл бере алады. Ешкім. Тағы біреудің баласы кетіп қалуы мүмкін. Біздің сұрайтынымыз, каналды жауып берсін. Бізге сетка емес, бетондап жауып бергені жақсы. Сетканың үстіне балалардың ойнамасына кім кепіл?

Бұл «Іле ирригация» су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының каналы. Аталған мекеме кәріз суын егістік алқабын суаруға пайдаланады екен. Олардың айуынша, каналдан кейін салынған үйлер суға тым жақын орналасқан. Соған қарамастан қауіпсіздікті күшейту жолдарын қарастырып жатырмыз дейді.

Ербол Нүкен, «Іле ирригация» су шаруашылығы МКК бас инженері:

- Канал 2016 жылы салынған. Ол кезде жобада бетін жабу көзделмеген. Себебі, ана жерде ондай мекенжай болған жоқ. Кейін көбейіп кетті. Екіншіден, саяжайға жер берілгенде су қорғау талаптары сақталмаған. Біз енді жоғары жаққа ұсыныс беріп, хат жазып жатырмыз. Ана жердің бетін жабамыз ба, сетка тартамыз ба, амалын қарастырып ұсыныс жасалды.

Мемлекеттік мекеме өкілдері бәріне жерді оңды-солды сатқан адамдар кінәлі деп отыр. Себебі, баспаналар каналдан кемі 25 метр қашықта тұрғызылуы тиіс. Сондықтан саяжай жұртын сабырға шақырды. Ал әкімдіктегілер каналдан өтетін өткел салып беруден басқа қолдан келер шара жоқ екенін ашық айтты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде