Қазыбек Майгелдинов: «Рухани жаңғыруға» бөлінген қаражаттың әр тиынына талдау жасау керек
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын естімеген қазақ кемде-кем. 2017 жылдан бері атауы әбден құлағымызға сіңген жобаның айналасындағы дау оның логотипін бекіткен тұстан басталған. Әлеуметтік желі қолданушылары «Рухани жаңғырудағы» қыран құстың суретін Франциядағы оқу орталығынан ұрлап алды деп шу көтерген.
Автор: Айғаным Достанбай
04.08.2023
Кейінірек сол кездегі министрлік «онда тұрған ештеңе жоқ» деп, ұлттық жобаның белгісін өзгертуден бас тартқан.
Қош, ең қызығы бұл емес. Қызықтың бәрі – мыңғырған миллиардтарда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясына әуелде алты жоба болды:
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», «Туған жер», «Қазақстанның сакралды географиясы», «Қазақ тілін латын тіліне көшіру», «Қазақстанның қазіргі мәдениеті жаһанданған әлемде».
Аталған бағдарламаларды жүзеге асыруға 2022 жылға дейін 54 миллиард теңге қарастырылған
Ал 2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосымша «Ұлттық» деген айдар тағылып, тағы 119 миллиард теңге қарастырылады.
Жобаның қағаз жүзіндегі идеясының кереметтігіне талас жоқ. Тарихты қайта жаңарту, өткен-кеткенді екшелеу, бағдарлама қабылданған 2017 жылдары жұртқа өтімді болғаны рас. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асты. "Туған жер" бастамасы бойынша да мектептер, мәдениет үйлері, спорт нысандары бой көтерді. Тек осыған дейінгі басы тамаша басталып соңы сұйылып кеткен Ұлттық жобалардың тағдырын қайталағаны қоғамда қызу талқыға түсуде.
Шыңғыс Мұқан, қоғам белсендісі:
- Шыны керек, басы жақсы басталды. 100 оқулық аударылды. Латын графикасына көшуді мақсат етті. Алайда олай істеуге саяси дәрменіміз жетпеді. 2019 жылдың екінші жартысында мемқызметке қайта оралғанымда бағдарлама сиырқұйымшақталып кетіпті. Қандай ісшара өтсе де, оны «Рухани жаңғыру аясында өтті» деп есеп беруден аспай жатты. Жалпы, өте жақсы жоба еді. Қазаққа керек жоба еді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» жобасынан бас тарту туралы құжатты ашық нормативті құқықтар порталына талқылауға шығарған. Демек, алты жылдық тарихы бар бағдарламамен бұдан былай қош айтысамыз. Тек қыруар қаражат бөлінген бағдарламаның көзбен көріп, қолмен ұстауға келетін нәтижесі қайда? Дүркіреген форумдар, плакаттар мен баннерлердің көлеңкесінде қалып қойды ма?
Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:
- Үш жылда қандай жұмыс істелді? Нәтижесі қандай? Қандай көрсеткіштерге жетті? Ол туралы мағұлмат жоқ. Яғни бұл бағдарламаны жабудың себебі де болуы керек. Қыруар қаржы бөлінді. Ал енді ол ақша қайда кетті? Тағы бір сәтсіздігін айтатын болсақ, «100 жаңа есім» деген жобасы да бір маркетинг бағытына ауысып кеткен сияқты. 100 жаңа есім аталды. Ол дәліздердегі немесе дуалдағы сурет ретінде калды.
«Жоғарғы аудит осы бағдарламаға бөлінген қаражаттың әр тиынына талдау жасауы керек» - дейді саясаттанушы. Тек кімнен сұралатыны әзірге белгісіз. Себебі, жобаның жанында алаулатып-жалаулатып жүргеннің қазір біреуі де жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!