{metadescription}
Арыстағы атыс кезінде адам өлтіргендер іздестіріліп жатыр
Арыстағы атыс кезінде адам өлтіргендер іздестіріліп жатыр

Арыстағы атыс кезінде адам өлтіргендер іздестіріліп жатыр

Түркістан облысында атыс кезінде адам өлтіргендер әлі іздестіріліп жатыр. Тіпті полиция мен қарулы жасақ қала мен облыстық жолдардағы көліктерді тоқтатып тінтуде. Екі күн бұрын Арыс қаласының орталығындағы үйінде демалып отырған төрт адамды әскери киімде бетін тұмшалаған екі адам атып, мотоциклмен қашып кеткен.

Қылмыс орнында екі адам тіл тартпай кетсе, тағы екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Өлгендердің бірі бокстан бұрынғы облыс чемпионы, республикалық жарыстарда жүлде алып жүрген Алмас Жолдасов. Оны Арыста «Черный Алмас» деп те таниды екен.

Оқиға кешкі сағат сегіздерде үйдің ауласында болған. Есік алдында қарбыз жеп отырған төрт жігіттің үстіне қару ұстаған қос адам жетіп келеді. Мылтықтың бірнеше мәрте атылғанын көрші үйлердегілер анық естіген. «Атыс болып жатқан үйде көршім әрі туысым тұратын еді» деген Ораз Ақылбеков өзге қоңсысымен бас сұқпақ болған кезде бетін тұмшалап, қолына автомат ұстаған біреуді көрген.

Ораз Ақылбеков, оқиға куәгері:

- Есік алдына жақындаған едік, әскери киінген жас бала автоматпен тұр екен. Оны әскери ғой деп аңғармай кетіп бара жатқанда, «тоқтаңдар, атам қазір» деді. «Кейін қарай жүріңдер, кетіңдер» деді. Екеуміз кейін қарай жүрдік. Сөйтіп шарбақтың түбіне барып едік, «дарбазаның ішіне кіріңдер, шықықпаңдар далаға» деді. Қайтып барсақ, қаруы бар екі әскери мотоциклге мінді де, қашып кетті.

Қайтыс болғандардың екіншісі 23 жасар Жандәулет Қабыловты да сол күні сөйлесуге үйіне шақырған беті екен. Олардың денесін мәйітханадан көрген жақындары әлі есін жинай алмай отыр.

Әуесхан Ақылбеков, марқұм Алмас Жолдасовтың туысы:

- Оқ оң жағына тиген, қабырғасын опырып жіберген. Тігіп қойған, сосын басы, шүйдесінен тігіп қойған. Басы жарамайды, пластмасса ма, бірдеңе қойып ұстатып қойған. Сүйек жарамайды. «Контрольный кеп атқан» деді ғой енді. Анау енді құлаған, жарадар боп, тірі қалса кім біледі енді қандай блоатынын. Сосын тағы контрольный атқан. Мықты жігіттерді өздері қойып алған ғой «Черный Алмас», «Рыжий Алмас» деген сияқты қоя береді ғой, батыр жігіттердің атын.

Ал оқ тиіп тірі қалған 36 және 37 жастағы жігіттердің жағдайы тұрақты. Бірі – полиция қызметкері. Қазір есін жиғанымен, екеуі де тіс жарғысы келмеді. Ал дәрігерлер екеуі біраз емделуі керек деп отыр.

Талғат Тәжіменов, Арыс ауданы орталық ауруханасы, хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Екінші науқастың жарасы бар. Иық сүйегінен. Бұғанасының үштен бір бөлігі, мойнының артқы жағында оқ тұрып қалған. Оқ кіріп, шықпаған, яғни терісінің астында қалған.

Ал екі тәуліктен бері Арыстан шығатын жолдар мен облыстық жолдар бойында көліктерді тоқтатып іздеп жатқан полицейлер «тергеу құпиясы» деп, қос күдіктінің тұлғасын айтпады. Белгілісі, қос күдікті де 19 жастағы Арыс тумалары.

Ермек Сәрсенбаев, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

- Арнайы жедел тергеу тобы құрылып, ұстап алу жоспары қабылданды. Күдіктілердің жеке басын анықтау мен оларды ұстау бойынша қажетті ісшара жүргізіліп жатыр. Болған оқиғаның бар жағдайы анықталуда.

Көз жұмған Алмас Жолдасовтың артында бес баласы қалса, былтыр ғана үйленген Жандәулет Қабыловтың келіншегі мен бір айлық шақалағы қалды. Ал олардың денесі кеше Арыс қаласында жерленді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде