Шу балықшыларының базынасы: Балықшы емес, браконьер атандық
«Балықшы емес, браконьер атандық». Осылай деген Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғындары әкімдікке барып наразылық білдірді. Талай уақыт Тасөткел су қоймасынан балық аулап күн көрген ел жаңа талап қойылғалы «отбасымызды асыраудан қалдық» деп налиды.
Автор: Шерхан Абзалұлы
07.08.2023
Ал көлге ау салғандар айыппұл арқалап, заңмен қудаланып жатқан көрінеді.
Шу жақтан шу шыққалы биыл екінші жыл. Өйткені бес ауылдың жалғыз жанбағысы – Тасөткел су қоймасына тор салуға тыйым салынған. Содан бері балық аулағандар балықшы емес, браконьер атандық дейді. Нәпақа табу үшін көлге келгендерді қайтарып, көнбегені айыппұл арқалаған.
Батырбек Садықов:
- Бәрі құдай! Орман шаруашылығы да, инспекторы да, облысы да, республикадағы да! Мына кішкентай көлден не тауып жүргенін білмеймін! Бәрі осы көлге қадалды да қалды. Мұндай болған емес, өмір бақи болған емес! Мұның артында бір кландар тұр!
Ашынған тұрғындар атқарушы биліктен балық емес, қармақ сұрайды. Мәселенің күрмеуі көп, шешімі жоқ. «Базынамызды ауданның жаңа басшысына айтпайынша, қайтпаймыз» деп, табандап тұрып алды. Айтуынша, көлді жалға алған кәсіпкер мен әкімдік Тасөткелге таласып жатыр. Ал екі ортада «шыбын өлдінің» кебін киген – қара халық.
Айтуар Қойгелдиев:
- 40 жыл болды, осы жерде балықпен ғана жұмыс істеп келеміз. Сақтандыруын да, салығын да заңды түрде төлейтінбіз. Ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Бір жарым айдан кейін ашылады, түсесіңдер,заңды түрде ұстайсыңдар деген. Екі ай өтті! Қыркүйек келіп қалды ғой. Аудан әкімінің қолынан келмей жатыр.
Бекбол Байсақалов:
- Балашағамызды бағамыз. Міне, оқу жылы келе жатыр. Балаларды киіндіру керек. Әрқайсысында бес-алты, жеті-сегіз баладан бар. Оның бәрі оңайға тиіп жатқан жоқ.
Ал аудан әкімі балықшылар базынасын беске білгенімен, қолынан ештеңе келмейтін кесіп айтты. Қазір қос тарап бір-бірімен соттасып жатыр.
Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі:
- Арызданушы облыстық соттан жеңілгеніне байланысты Жоғарғы сотқа шағымданған, кассацияға берген. Міне, қағаздары Жоғарғы соттта. Нақты уақытын айта алмаймын. Заң аясында ғана жұмыс істейді. Одан бөлек басқа ешкім кірмейді, кім болсын.
Тасөткел су қоймасы қазір мемлекет балансында. Белгілі бір кәсіпкерге жалға берілмейінше, ау салып, балық аулауға рұқсат жоқ. Екі жыл бойы созбалаңға салынған сот біткен соң, мемлекеттік тапсырыс ойнатылады. Одан қалды уақытша иесі қайта анықталуы тиіс. Тек содан кейін ғана балықшылар бұрынғы кәсібін жалғастыра алады. Ашығын айтқанда, бұл іс бүгін-ертең бітпейтін секілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!