Президент жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін мәлімдеді
Президент жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін мәлімдеді. Қыркүйек айында жарияланатын жолдауда мемлекет басшысы елдің экономикалық саясаты төңірегінде өзінің көзқарасын баяндауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ол Павлодар облысына барған сапарында айтты.
Автор: Мерей Қалиасқар
09.08.2023
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыста бүкіл Екібастұзды бүрсеңдетіп қойған жылу орталығында да болып, мұндай жағдайдың енді қайталанбауын қатаң ескертті.
Қақаған қыста дірдектеп шыққан екібастұздықтар биыл да жылуға жарымай қалып жүрмей ме? 150 мың халқы бар өндірісті өлкені алаңдатып отырған мәселенің мән-жайын білмекке мемлекет басшысы бүгін арнайы келді. Тұрғындарды тоңдырған апаттан кейін ғана жылу электр орталығында күрделі жөндеу жұмысы басталды. Жауаптылар жарғақ құлағы жастыққа тимей, 10 қазандықтың бәрін бірдей ретке келтіруге тырысып бағуда. Дегенмен жағдай әлі де күрделі. Тозған, істен шыққан дүние көп. Нысанның жай-күйімен танысқан президент оның қайта қалыпқа келтіру жұмысы мен мерзімін Үкімет пен облыс әкіміне бақылауға алуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бұл жұмыс енді бақылауымызда болады. Бұл өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз.Өткен қыста болған жағдай міндетті түрде қайталанбауы керек. Қаламыздың тұрғындары шыдамдылықты, сабырлықты танытып отыр. Дегенмен шегі болу керек қой. Сондықтан осындай тапсырма беріп жатырмын. Тиісті қаражатты бөліп жатырмыз, беріп жатырмыз.Енді жоспардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек.
Жылу электр орталығығындағы 10 қазандықтың бесеуі мемлекет меншігіне алынып, жөндеу жұмысына ел қазынасынан 7 жарым миллиард теңге бөлінді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары президенттің алдында сенімді сөйлеп, Екібастұз жылыту маусымына дейін толық дайын болады деп уәдесін де берді.
Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Жылу желілеріне келетін болсақ, Екібастұз қаласындағы бес жарым шақырым жылу желілерін толық ауыстыруға 9 миллиард теңге бөлдік. Мұндай ауқымды реконструкция Екібастұзда бұрынсоңды жүргізілмеген. Біз жылыту кезеңіне толық дайындықпен кіретінімізге толық сенімдіміз.
Жалпы, облыс әкімдігінің мәліметі бойынша Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру қажет. Алғашқысы — Екібастұз жылу электр орталығына техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдық құбырдың құрылысы. Екіншісі — жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл 9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз етуді айтарлықтай жақсартады. Үкімет бұған келесі жылы қаржыландыруды қарастырмақ. Мемлекет басшысы Екібастұздағы маңызды жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз мүлдем жаңа бағытқа көшу үшін Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін беруіміз керек. Жауапты тарихи сәт келді. Үкіметтің міндеті тиісті ұсыныстар беру. Бұл бірінші. Екіншіден, осы ұсыныстарға сәйкес дайындалатын жоспарларды іске асыруға кепілдік беру. Халқымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету еліміздің экономикасының даму тұжырымдамасына қатысты біздің ұстанымымызға тікелей байланысты. Мұны түбегейлі шешімсіз еңсеру қиын. Біз еліміздің экономикалық дамуына тың серпін беруге бағытталған осы өте маңызды жұмысқа бірге кірісуіміз керек.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарымен кездесіп, жылудан бөлек, оларды толғандырған өзге де мәселелерге құлақ салды. Мәселен, екібастұздықтардың өтініші бойынша қысқа уақытта балалардың жан-жақты дамуына арналған шығармашылық үйі салынатын болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!