Халықаралық додалардың жеңімпаздары мемлекеттік грантсыз қалған
Алматыда спорт колледжін бітірген түлектер мемлекеттік грантқа неліктен ілікпегенін түсінбей дал. Осыған дейін халықаралық додалардың жеңімпазы болған спорт шеберлері бүгін Қазақ спорт және туризм акадамиясының алдына жиналды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.08.2023
Білім мекемесі бұл келеңсіздікті гранттың аз бөлінуімен байланыстырады. Ал оны үлестіруге жауапты министрліктің уәжі қандай?
Жаны нәзік болғанмен, жұдырығы қатты Дана Дидай бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, төрт дүркін Қазақстанның жеңімпазы атанған ару. Биыл Алматыдағы Спорт колледжін аяқтады. Енді Қазақтың спорт және туризм академиясында шеберлігін шыңдаймын ба деген көңілі су сепкендей басылды. Шетелде көк туды желбіретіп жүрген спортшымыз елде бір гранттың бұйырмай қалғанына қапа болды.
Дана Дидай:
- Мықты спортшылар грантсыз қалғанына ішім қынжылып тұр. Бізді тек көк туды желбіреткенде ғана қуанып қолдамай, негізі спортқа үлкен жетістікке жетер жолда да қолдағанын қалаймыз. Бізге айтқан болатын, Спорт туризм академиясына осындай жақсы жетістіктермен түсіп кетесіңдер деп. Сондықтан мен басқа университет таңдаған жоқ болатынмын.
Дана секілді жетістігі жетерлік жастардың бірсыпырасы грант тізіміне ілікпеген. «Сен тұр, мен атайын» дейтін чемпиондардың ата-аналары да академияда тегін оқуға неліктен орын табылмағанын түсінбей дал.
Талғат Ұзақов:
- Не себептен деп келгенде, грант бізге аз бөлінді дейді. Түгел спортшыларымыз солай болып тұр. Басқасы басқа, осы қазақтың туын көтеретін спорстшылар ғой. Дәл осы жерде ыңғайсыз шаруа болып жатыр. Барлық атаана сол үшін жиналып отыр, не себептен грантқа бір бала өтпеген, бұл сұмдық қой!
Дидар Кегенбаев:
- Көпбалалы аналар атынан деп құжат жинап отырмыз. Жетістіктері Қазақстан чемпионының спорт шебері. Бала күнінен айналысып келе жатыр. Оның мақсаты да осы Спорт туризмге түсу еді. Келгеніміз сол, гранттан, бәрінен өте алмай, түсе алмай қалды. Балаға енді сонша жүгіргеніміз, еңбегі еш кетті ме деп ойлап отырмыз.
Спорт және туризм академиясы кәсіби спортшылардың өкпесін түсініп, үнсіз бас шұлғиды. Қолдан келер қайран жоқ. Биыл коллдеджден кейін келген абитуренттерге бар-жоғы 40 грант бөлініпті. Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары ғана емтихансыз тегін оқуға қабылданады екен.
Михаил Шепетюк, Қазақтың спорт және туризм академиясының проректоры:
- Үкімет бөлген грантты есептесек, бір орныға 10 адам таласады. Сол себепті жылда осы проблемаға тап боламыз. Бірнеше жыл бұрын, тіпті 20 адам бір орынға үміткер болды. Республикалық, халықаралардың жарыстардың жеңімпазы атанғандарды мынадай жеңілдік бар. Егер құжат тапсырған өзге абитурентпен балы тең болса, жетістігі барына басымдық беріледі. Бір кездері бізге 80, 120 грантқа дейін бөлінетін. Биыл тек 40 грант берілді.
Спорт колледжін тәмәмдағандар алдымен спорттық норматив тапсырады. Екінші кезеңде тесттен өтеді. Грантқа ілігу үшін 70 баллдың кемі 35-ін алу қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттың аз бөлінуін былайша түсіндіреді.
Жанна Есінбаева, Ғылым және жоғары білім министрлігінің басқарма жетекшісі:
- Бізде кадр қажеттілігіне байланысты мемлекеттік білім беру тапсырысы жасалады. Оны жылда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынады. Сондайақ мемлекеттік тапсырысты дайындағанда әр аймақтың сол мамандыққа деген қажеті ескеріледі. Мамандықтар атласының негізінде грант бөлінеді.
Министрлік биыл бөлінген 40 грант Спорт колледжін бітіргендерге жеткілікті екеніне сенімді. Енді грантқа ілікпей қалған абитуренттердің ақылы оқуға, я басқа білім ордасын таңдауына тура келетін түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!