Шымкентте «Карлсон» аталған ұры қолға түсті
Шымкентте «Карлсон» аталған ұры қолға түсті. Ғимараттардың шатырынан кіретін күдікті қазір тергеушілерге жауап беріп жатыр.
Автор: Бек Әбиев
09.08.2023
Қала шетіндегі Қайнарбұлақ саяжайында ұрлық көбейген соң, полицейлер іске кіріскен. Тоналған дүкендердің төбесі түгел бұзылғаны анықталды. Сөйтсе ұрлық жасағаны үшін бұрын да сотты болған жергілікті тұрғын ғимараттардың шатырынан кіреді екен. Осылайша ол қос дүкеннің кассасынан ақшалай 130 мың теңге, тағы біреуінен смартфон, ішімдік пен темекі жымқырған. Тергеуде саяжай тұрғындарының бірінің велосипедін алса, кейін зейнеткердің ұялы телефоны мен киім-кешегін қолды еткені де белгілі болып отыр. Оның қазір өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Бибарыс Багов, Абай ауданы ПБ аға тергеушісі:
- Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі бір миллион теңгеден асады. ҚР ҚК-нің188бабы, 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті тұлға уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!