Алматы тұрғындары үйінің жанынан салынатын баспанаға қарсы шықты
Алматыда Ерменсай шағын ауданының тұрғындары әділдік іздеп әлек. Олар үйінің жанынан бой көтергелі жатқан көппәтерлі баспанаға қарсы. Тіпті нысанның салынуына рұқсат берген басқармамен соттасып та үлгерген. Бірақ үкім өз пайдасына шешілмепті.
Автор: Салтанат Шырынхан
10.08.2023
Айтуларынша, бастапқыда «жол болады» деп көрсетілген бас жоспарды жергілікті билік өзгерткен. Сөйтіп мердігер ұйым үш ай бұрын аумақты қоршап, құрылыс жұмысын жүргізуде. Осылай қос тараппен дауласып жатқан халықтың ендігі үміті арыздарының жоғары жаққа жетуі.
Жиналғандар бірнеше жыл бұрын тау етегіндегі Ерменсай шағын ауданына жайлы өмір сүруге көшіп келген. Содан бері инженерлік желіге қатысты шағым шаш-етектен. Ал соңғы жаңалықты естігенде тіптен төбе шашы тік тұрыпты. Жүргізіліп жатқан құрылыс көзге шыққан сүйелдей болған.
Марат Мақатов:
- Бұл құрылыс үйіме жағаласып тұр. Осы көктемде заңсыз басталды. Әкімдіктің қала урбанистика басқармасы болады. Олар заңсыз құжат берген, бас жоспарға сай емес, сонымен жоба жасаған. Сол жоба заңсыз келісілген. Бұрынғы бас жоспармен бұл жерде жол өту керек еді.
Айтуларынша бас жоспарда көрсетілгені бұл емес. Тар көшемізді кеңейту үшін жол салыну керек еді деп, шулағандар рұқсат берген басқармамен соттасып та үлгерген. Бірақ шешім жергілікті биліктің пайдасына шешіліпті. Сол себепті шағымдарын жоғарғы инстанцияға жеткізгісі келеді. Өйткені ертең қаптайтын көліктен көшемізде еркін жүруден қаламыз деп қорқады.
Әлия Тупеева:
- Мына тұрғын кешен бітетін болса, бұл жерде көлік жүру өте қиындайды. Қазірдің өзінде қиын. ҚазірәлФараби көшесіне шығуға 40 минуттай кетеді. Бұрын 5-10 минутта жететінбіз. Қазір екі-үш сағат кептеліс, жолдан өте алмаймыз. Балаларымызды далаға шығара алмаймыз. Қиын болып кетті. Жүк көліктері көп жүреді.
Аумақ қоршалып, 240 пәтерлі 14 үйдің құрылысы мамыр айында басталған. Соған дейін басымызды жинап, келісім де сұрамады дейді тұрғындар. Есесіне өз күнін өзі көріп отырған халықта су мәселесі тіптен қиындай түскен. Орталықтандырылған сумен қамтамассыз ету жүйесі тартылмаған шағын аудандағы тіршілік нәрінің түрі мынау.
Иван Панченко:
- Ауданда үйлердің күн сайын көбейіп жатқанынан су тапшы. Айналдырған екі компанияға бүкіл тұрғындар қосылған. Не дұрыстап жуына алмаймыз. Кір машина қосылмағалы қашан. Күйіп кете ме деп қорқамыз. Сыртта ағаштаh ол қурап кетті. Ертең енді көпқабатты тұрғын үй салынса, тіпті сусыз қалатын түріміз бар. Ол күнді ойлаудың өзі қорқынышты.
Осылайша жұрт бас жоспарды қай заңға сүйеніп өзгерткенін сұрау үшін жауаптылардың алдына барды. Бірақ бұл қызметке жақында ғана келгенін айтқан басшы өзіне дейінгі қабылданған қаулыға жауап бермеймін деп отыр.
Нұрлан Боранбаев, Алматы жобалау және урбанистика басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Жоспар бар бізде егжейтегжейлі жоспар жобасында шамасы сол жол болған. Бірақ өкінішке қарай заңнын бір мүмкіншіліктері бар. Кемшіліктері деуге болады. Осылай жобаға жиі өзгеріс енгізу. Шамасы сол нені пайдаланып, енгізген шығар. Соған байланысты оған дейін 22 жылдары рұқсаттама құжатымен рұқсат берілген. Осындай үш қатарлы үйді орналастыруға.
Атқамінердің айтуынша, жұртқа мәселесін шешудің жалғыз жолы — Жоғарғы сотқа арыз. Сонда ғана өзі қалаған жолға қол жеткізуі мүмкін. «Өліспей беріспейміз» деген бұқара шағымын тиісті органдарға жібермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!