Алматыдағы «Алтын ордада» павильон төңірегінде шу шықты
Алматыдағы «Алтын орда» базарында тағы шу шықты. Бұл жолы дау жаңа салынып жатқан павильон төңірегінде өрбіді. Миллиондап ақша құйған кәсіпкерлер құрылыстың баяу жүріп жатқанына шағымданды. Ал базар басшылығы «байбаламға салудың қажеті жоқ, уақытында аяқтаймыз» деп сабырға шақырды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.08.2023
Басынан дау арылмаған «Алтын орда» базарында бүгін кезекті шудың шеті шықты. Даладағы аптап ыстықтай, бұл саудагерлердің кіжілі қайнап-ақ тұр. Алды 20 миллионнан, соңы бір миллионнан жаңа павильонға ақшасын бергендер құрылыстың өгіз аяңмен жүріп жатқанына наразы.
Әлия Көшбеспаева, кәсіпкер:
- Халықтың бәрі ақша құйды. Менің өзім 23 миллион ақша құйдым. Үшінші павильонға 500 адам бутик алған. Сомасы да біздің есебімізбен 1 миллиард 600 миллион. Әр адам еңбегімен жинаптерген ақшасы ғой.
Жадыра Тайшаева, кәсіпкер:
- Мына жерде қарасаңыздар ,қазір бесақ пайыз біткен. Қалған ақша қайда? Осы ақшаға соншалықты жасау керек. Не бізге есеп бермейді. Ол ақша қайда? Тездетіп неге бітірмейді? Екі айдан кейін бір жыл болады, бұны бұзып тастағанына.
Құрылыс жүріп жатқан қоршаудың қақпасы көпшіліктің сұрауымен ашылды. Түскі ас уақытына дөп келгендіктен бе, тым-тырыс. Техника тоқтап, жұмысшылар шетте тынығып отыр.
Жаңа павильондағы құрылыс биыл көктемде басталған. Мердігер компанияның айтуынша, бүгінде жұмыстың 30 пайызы аяқталған. Ал жоба бойынша павильонның аумағы 13,5 мың шаршы метр.
Даурыққан кәсіпкерлерге базардың атқаршуы директоры шықты. Айтуынша, байбалам салудың қажеті жоқ. Нысан төлқұжатында көрсетілгендей, 2024 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп сендірді.
Ермек Омаров, "Алтын орда" базарының атқарушы директоры:
- Құрылыстың шатырына дейін ақшасы төленіп тұр. Осында жұмыс істеп жатқан компаниямен шартта бүкіл халықтың берген ақшасы осы құрылысқа салынған.
Қырқына шыдаған кәсіпкерлердің, енді қырық біріне шыдауына тура келеді. Базар басшылығы сөзінен таймаса, жаңа жылдан соң жаңа павильонға жайғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!