Шымкентте экс-полицейден қорыққан гүл бутигінің қожайыны Астанаға көшіп кетті
Шымкентте экс-полицейден қорыққан гүл сататын дүкеннің қожайыны Астанаға көшіп кетті. Осыдан үш ай бұрын оның бутигіне келген учаскелік полицей сатушысын ұрып гүлді тартып алғаны әлеуметтік желіге таралып кетті. Қоғамда дау туғызған жағдай бойынша қылмыстық іс енді ғана қозғалыпты.
Автор: Бек Әбиев
11.08.2023
- Мен Шымкентті тастап, Астанаға келуімнің жалғыз себебі: маған және отбасыма орасан қысым көрсетіліп жатыр. Бірінші кезекте Қазақстан тұрғындарына рахмет айтқым келеді. Өйткені сіздер қоғам болып учаскелік полицияның бассыздығын айыптаған соң, ол кісі табылды. Прокурорлар мен полицияның жұмыс істеуіне түрткі болғандарыңызға алғысым шексіз.
Кәсіпкердің бұлай деуіне гүл сататын дүкенде мамыр айында болған жағдай себеп. Видеода дүңгіршекке келген екі жігіттің бірі раушандардың ақшасын бермей, сатушыны кеудесінен итеріп шығып кетеді. Артынан ақшасын сұрап шыққан сатушыны ұрып құлатып, жайбарақат кетіп қалған. Бірақ учаскелік полиция бөлімінде істейтін оған іс қозғалмады. Кейіннен дәл осы азаматтың Түркістан дәмханаларының бірінде есебін төлемей қызметкерлермен ерегесіп, тіпті жабық тұрған есікті теуіп сындырмақшы болғаны да жарияланды. Гүл сататын дүкенде болған жағдай тек араға үш ай салып жарияланған соң ғана «тонау» бабымен іс қозғалды. Дегенмен әріптестері оның мамыр айында өз еркімен қызметінен кеткенін айтып, жеті тәулікке қамалды деп отыр.
Ермахан Әбдіраманов, Шымкент ПД бастығының бірініші орынбасары:
- Бұл азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР ҚК 191бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Дегенмен бұл жерде атап өту керек, арыз-шағым түскен жоқ. Бұның әлеуметтік желіде шу тудыруына байланысты біздің тараптан сондай шешім қабылданып, тергеп-тексеру басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!