Жамбылда облысында соңғы 50 жылда болмаған су тапшылығы туды
Жамбылда соңғы 50 жылда болмаған су тапшылығы туды. Шығынға шаш етектен батқан шаруа саны күннен-күнге өсіп жатыр. Әулиеата өңіріне тіршілік нәрі көрші қырғыз елінен келетіндіктен, келер жылы құрғақшылық одан бетер қысуы мүмкін дейді мамандар.
Автор: Шерхан Абзалұлы
14.08.2023
Алдағы жылы аймақтағы алқаптарды қуаңшылық жайламас үшін қазір екі ел арасында келіссөз жүріп жатыр.
- Міне қызылша, тамырын көрдіңіз бе? Миллиондаған ақшам кетті. Осының шығынын енді қайдан аламын?
Тіршілік нәрінің тапшылығынан Маут Фазуловтың 90 гектар егістігі қурап, несиеге алған 20 миллион теңгесі құмға сіңді. Айтуынша, алқабын биыл 6-ақ күн суарылған. «Құрғақшылықтан қарызға белшемнен баттым» деген ол жағдайдың алдын алмаған жауаптылармен соттасамын деп отыр.
Маут Фазулов, шаруа қожалығының басшысы:
- Мен де сотқа беремін, «ҚазВодХоз»ды. Өйткені су алу үшін, егу үшін оларға барып шартқа тұрғанмын. Су бересіңдер ме? Береміз. Айтпау керек еді! Бұндай болатынын білгенде неге алдын ала болжап, алдын ала тексермеді? Адамды алдап? Сонша ақшаны жерге тастап! Олардың ақымақтығына күйінеміз! Одан кейін үкімет күйеді. Үкімет одан кейін төлеймін дейді.
Осы секілді ағын судың аздығынан аймақта шығынға ұшыраған шаруалар көп. Олардың дені Қордай ауданында. Мұнда 6 мың гектарға егілген егін еш кеткен. Сондай-ақ Таластағы 52 гектар өнім мен Байзақтағы 2 мың гектар қызылша қурап қалудың аз-ақ алдында. Өйткені аталған аудандардың күні көрші елдің суына қарап тұр.
Бұл қырғыз еліндегі Киров су қоймасының қазіргі көрінісі. Жамбылдағы бірнеше ауданның диқандары еккен егінінен қаншалықты өнім алатыны тікелей осындағы суға байланысты. Алайда мұндағы жағдай қазір мәз болмай тұр. Себеі қоймадағы су қоры былтыр 144 миллион болса, биыл небәрі 28 миллион текше метрді құрайды. Яғни бұл бес есе кеміді деген сөз.
Ерлан Өтегенов, «ҚазСуШар» РМК Жамбыл облысы филиалы директорының міндетін атқарушы:
- Орташа есеппен су қоймаға 45-60 текше метр су түсу керек. Ал бүгінгі сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін орташа есеппен санағанда бір-ақ текше метр су түскен. Жалпы көлемін санағанда 250 текше метр су түскен жоқ. Соңғы 50 жылда бұндай болмаған.
Өңірдің ауыл шаруашылығы ақсап тұрғанда айыр қалпақты ағайындар бізге тағы бір суыт хабарды жеткізді. Таудағы температура тұрақсыз. Соның әсерінен ағын сумен көршімізді жарылқап жатқанда, «өзімізге жетпей жатыр» депті. Егер екі тарап ортақ бір мәмімеге келмесе, Жамбылдағы жағдай тіпті ушығайын деп тұр.
Ерлан Өтегенов, «ҚазСуШар» РМК Жамбыл облысы филиалы директорының міндетін атқарушы:
- Иә, қырғыздар айтып отыр, келесі жылы 500 млнға емес, су аздығына байланысты 400-350 млн-ға жоспар жасаңдар деп отыр. Бірақ көреміз ғой. Келіссөз жүргіземіз. Әлі анализ жасалынады.
Қазір Жамбылдағы он ауданның басым бөлігі төтенше жағдай жариялауды талап етіп отыр. Ал бұл жағдайға қатысты жергілікті билік сараптама аяқталғаннан кейін ғана мәлімдеме жасайтынын айтақан болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!