Маңғыстау облысында электр энергиясын шектеуден кәсіпкерлер де зардап шегуде
Маңғыстау облысында электр энергиясының шектеп берілуінен мұнай компаниялары мен тұрғындардан бұрын, кәсіпкерлер де зардап шегіп отыр. Аудандардағы елді мекендерде және Ақтау қаласында бүгін тиімді өшіру әдісі қолданылды. Яғни жарықты 2-3 сағатқа өшірген. Бірақ бұл әдіс өңірдегі шағын кәсіппен айналысатындардың қалтасын қағуда.
Автор: Айман Нұрмағанбет
15.08.2023
Маңғыстау облысында өңірді су, жылу және тоқпен қамтып отырған «МАЭК» комбинатындағы екі энергетикалық блоктың жұмысының тоқтағанын бүгін электр қуаты кезең-кезеңімен 3-тен 5 сағатқа дейін циклдік түрде өшірілді. Мұндай режим әсіресе азық-түлік дүкенінің иелеріне соққы болды. Мәселен, Мұнайлы ауданында шағын кәсібін жүргізіп отырған Назира Жәдігерова тоқты сөндіргелі қып-қызыл шығынға баттым деп отыр. Айтуынша дүкендегі балмұздақтары еріп кеткен. Ал сүт өнімдері ашып, ішуге жарамсыз болып қалыпты.
Назира Жәдігерова, кәсіпкер:
- Дүкендеміз біздің морожныйларымыз еріп кетіп жатыр. Лақтырып жатырмыз. Товарный вид кетіп жатыр морожныйдың. Біз шығынға ұшырап жатырмыз. Не үшін олай светті жалғаудың, қосудың амалы жоқ па? Үйде де сондай мучение болып жатыр. Холодильникте тамақтар шіріп жатыр. Таңертең сөндірді светті түнгі сағат 00:00-де берді светті.
Ал ет пен балық сататындар жағдайымыз тіпті мүшкіл дейді. Тоқты сағаттап өшкенінен ет өнімдері сасып, жеуге жарамай қалған.
Кәмшат Егембердиева, кәсіпкер:
- Менде свет жоқ. Балықтарымның бәрі еріп жатыр. Светсіз болмайды қаншама шығынға баттық. Мусорға лақтырып жатырмыз балығымыздың көбісін. Клиеттердің бәрі балықтарың свежий емес деп кетіп қалып жатыр. 60 мың теңгенің орны жоқ болды менде.
Жергілікті билік мұндай қадамға амалсыз бардық дейді. Себебі, «МАЭК» комбинатындағы екі электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы қазіргі таңда екі есе азайып кеткен. Сондықтан электр қуаты 3-тен 5 сағатқа дейін циклдік түрде өшіріліп жатқанын айтады.
Жұмабай Қарағаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- Біздер осындай жағдайды болдырмау үшін жұмыс атқарып жатырмыз. «МАЭК» ЖШС қызметкерлері күні-түні осындай жағдайды болдырмай үшін қызмет етіп жатыр. Қазіргі апаттық жағдай болғаннан кейін тез уақытта апатты жоюға жұмыстар жасалуда. Жергілікті бюджеттен осы «Маэкке» 2,6 млрд тг қаражат бөлінген болатын. Үкімет басшысы осыны қарастырып 4,9 млрд теңге резервтен бөлінген болатын.
Жауаптылардың айтуынша, мұндай режим бір аптаға дайын жалғасады. Сондықтан оған дейін тұрғындардан сабыр сақтап күтуді сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!