{metadescription}
Елордадағы ескі стадионды жөндеу жұмыстарына байланысты жұрт әлеуметтік желіде шу шығаруда
Елордадағы ескі стадионды жөндеу жұмыстарына байланысты жұрт әлеуметтік желіде шу шығаруда

Елордадағы ескі стадионды жөндеу жұмыстарына байланысты жұрт әлеуметтік желіде шу шығаруда

Елордада ескі стадионды жөндеу жұмыстарына мемлекет қазынасынан 30 миллион доллар бөлінбекші. Қомақты қаражатты шенеуніктер жетер-жеріне жеткізе ме деп алаңдаған жұрт қазірден әлеуметтік желіде шу шығаруда. Ал жауаптылар жобалау-сметалық жұмыстары әзірге толық дайын емес деп отыр.Тек 2025 жылы УЕФА стандарттарына сай 4500 адамға шақталған озық технологиялары бар стадион ашамыз деп уәде етуде.

Бұл стадион 1936 жылы қолданысқа берілген. Кезіндегі Ақмоланың алғашқы спорттық нысандарының бірі болды десек қателеспейміз. Тарихы ғасырға жуықтаған стадионның расымен қазір жағдайы көріп тұрғандарыңыздай жөндеуді қажет етіп-ақ тұр. Көрермен отыратын орындықтар опырылған, футбол алаңын адам бойымен бірдей арам шөп басқан. Көпшілік қауым, жергілікті тұрғындар стадионды күрделі жөндеуден өтеді дегенді ести сала қуанғаны рас. Тек қалың қарашаның көңіліне күдік ұялатқан бір мәселе жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының сомасында болып тұр.

Олай дейтініміз бірнеше жыл бойы жөндеу жұмыстары тұралап қалған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның толықтай сүріліп, енді қайта салынуына 30 миллион АҚШ доллары бөлінеді екен. Желіде желдей ескен ақпарға танымал спортшылар да өз пікірлерін білдіруді жөн көрген. Көптің шамбайына тигені теңгеге шаққандағы 14 миллиардқа жуық қаржы мемлекет қазынасынан берілетін болған. Ал күнделікті жаттығуын осы стадионда 60 жылдан бері жасап жүрген елордалық Георгий Соврук бұл жерді балалық шағымның куәсі деп тебірене еске алуда. Нысанның қазіргі жай-күйін күнделікті балконынан бақылап отырған қария, бұл көріністен жүрек сыздайды дейді.

 Георгий Соврук, Астана қаласының тұрғыны:

- Осы қалада тудым, өстім, өндім. Стадионда ұйымдастырылған талай жарыстардың куәгері болдым. Мемлекеттік деңгейдегі концерттер де осы жерде өтетін. 2015 жылы жөндеу жұмыстары басталады деп бір жапты. Одан кейін жөндеу жұмыстары біраз уақытқа тоқтап қалды. Ең соңында қаңғыбастар мекендеп, бұзақылар жиналатын мекенге айналып кетті. Ақшаның бөлінетінін естідік, тек сол қаржы нақты жөндеуге жұмсала ма?

Астана алғаш Ақмолаға көшірілген жылдары бұл жерде мемлекеттік деңгейдегі матчтар, концерттер ұйымдастырылыпты. Ал қазір мұнда қолға ілінгеннің барлығын темір-терсегі бар, әйтеуір сатуға жарайды-ау дегенді төңіректегілер түгін қалдырмай сыпырып кеткен. Дәл осы стадионнан талай матч жүргізген танымал спорт комментаторлары болса бөлінген қаражаттың аз емес екендігін бірауыздан айтуда.

 Ермұхаммед Мәулен, Спорт комментаторы:

- Астана қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионға өте көп қаражат бөлініп жатыр дегенді естідік. Әлбетте ондай қаржыға шетелде Италияда ,Түркияда су жаңа стадионды 20000-30000 қылып салады. Бірақ бізде осындай жағдай болып тұр. Оның енді құрылыс барысында қандай материал пайдаланатындығы немесе стадионның ішінде ерекше заттар болатындығын нақты қазір білмеймін. Сондықтан қазірге бөлініп жатқан қаржы көп деп есептеймін.

Сергей Райлян, Спорт комментаторы:

- Түркістандағы жағдай қайталанбаса екен деймін. Әлемде теңдесі жоқ деп стадион салды. Жарияға жар салды электронды таблолар болады, спортшылар үшін барлық жағдай жасалады деп. Соңында не болды ал? Ешкімге керегі жоқ нысан болып жабылып қалды.

Қалалық әкімдік өкілдері болса бөлінетін қаражаттың әлі сомасы нақтыланбаған дейді. Тек УЕФА стандарттарына сай, заманауи, қысы ұзақ Астанада балалар жаттығу жасай алатындай төбесі жабық, іші жылы стадион бой көтереді деп отыр.

Самат Жылқыбаев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Проектносметалық документтері жасалып жатыр. Қазір комиссия бар, оның өзін тексеретін ұйымдар бар. Сосын өзінің бағасы шығады деп ойлаймыз. Әрине бізде стадиондар жеткіліксіз. Мысалы, қыс 7 ай болса ,7 ай суық болады. Бірақ оқужаттығу жмысы кезінде қыс бойы балалар дайындалу керек қой қазір. 7 ай бойы дайындалып қалған айда дайындалмаса болмайды ғой.

2025 жылы ашылады деген стадионның нақты қай спорт түріне арналатыны қазір анықталмапты. Бастапқыда футбол залы болады деген жауаптылар, халықтың сұранысын ескеріп түрлі секцияларға бейімделген нысанды салуды жоспарлап отырмыз дейді. Ал әзірге бүгіннен бастап қақпасына тас құлып салынып, толық сүру жұмыстары басталды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде