Каспий теңізі арқылы ел шекарасын кескен террористер Ақтауға кіруге ниеттенеді
Каспий теңізі арқылы ел шекарасын кескен террористер Ақтауға кіруге ниеттенеді. Кеменің артиллериялық зеңбіректері атылып, «Қайсар» броньды қайығы қала жағажайын басып алмақ болған қарулы күшке қарсы шығып, қаскөйлердің көзін жойды. Ақтаудағы теңіз жағасында осындай сценариймен оқу-жаттығу өтті. Шара Қазақстанның Әскери-теңіз күштері 30 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Автор: Айман Нұрмағанбет
18.08.2023
Алдымен теңізде кемелер шеруі ұйымдастырылды. Каспий жағасына тізілген 7 бірдей әскери кеме шеруін қала тұрғындары тамашалап, теңізшілердің арнайы қойылымына тәнті болды. Әскери-теңіз күштері флотының қатарында зымыранды-артиллериялық кемелер мен мина-тартқыш корабль, гидрографиялық кемелер бар. Жағалау бойымен бірдей сап түзеген теңізшілер көрермендерді кеме артиллериясы қаруының дауысымен қарсы алды. Ал құрлықта салтанатты маршпен Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері жүріп өтіп, көрермендерді әскери-теңіз формасымен және сыптай тізілген сап қатарында таң қалдырды.
Бауыржан Мұратұлы, Әскери-теңіз базасының командирі:
- Әскери теңіз базасының кемелері өздерінің жауынгерлік даярлығын көрсетті. Бәрі жаңа кемелер. Соның ішінде 4 кемеміз зымырандыартиллериялық кеме Қазақстанның әскери өнеркәсібінде салынған. Келешекте 10 мың тонналық кемелерді алу жоспарлануда. 2025-26 жылдары басталады деп ойлаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!