2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері өседі
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері өседі. Тиісті құжатты Қаржы министрлігі әзірлеп, талқылауға шығарды.
Автор: Айғаным Достанбай
21.08.2023
Заң жобасында көрсетілгендей, ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге, ал зейнетақы бойынша ең төменгі төлем 57 853 теңге, яғни бұрынғы сомадан 9 пайызға көбейту көзделуде. «Сондай-ақ айлық есептiк көрсеткiш 3 692 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңге болып белгiленсiн» - делінген құжатта. Сонымен қатар заң жобасының мәтінінде алдағы жылға Ұлттық банктен бөлінетін трансферт мөлшері де көрсетілген. Оған сәйкес 2024 жылға арналған республикалық бюджетке Ұлттық қордан алынатын қаражат мөлшерi 2 трлн теңге сомасында. Ал еліміздің облыстарына алдағы жылға 5 трлн 200 млрд теңгеге есептелген. Өңірлер арасында ең көп қаражат Түркістан облысына бөлінгелі отыр. Аталған аймаққа 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Ал бюджеті ең аз Ұлытау облысы. Өңірге 51 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Заң жобасы 4-қыркүйекке дейін Ашық нормативтік актілер порталында талқыланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!