Ақтөбеде итжидектен уланған екі баланың беті бері қарады
Ақтөбеде итжидектен уланған екі баланың беті бері қарады. Ыстығы түсіп, сандырақтауды қойды дейді дәрігерлер. Шөптесін өсімдіктің уытын дер уақытында қайтарып үлгеріпті.
Автор: Жаңалық Ахаш
21.08.2023
Мамандар қос бүлдіршінді аман алып қалу үшін екі тәулік бойы барын салған. Алғашқыда бес жасар ұл мен оның үш жасар қарындасы естерінен айрылып, сандырақтап жатыпты. Оларды Қобда ауданына қарасты Өтек ауылынан санитарлық авиация көмегімен облыстық ауруханаға жеткізген. Қызулары түспей әлсірей береді. Анасының айтуынша, балалар ауыл шетінде ойнап жүрген. Сол күні қонақ күтуден қол тимей, бүлдіршіндерге қарауға уақыт болмапты. Бес жасар ұл мен үш жасар қыз жабайы итжидектің әлі пісе қоймаған жемісін теріп жеген. Ойнаған жерлерінде осы улы шөптесін өсімдік шашылып жатады. Олардың жидек жегендерін содан біледі. Қазір екі бала да дін аман.
Ербол Жапақов, Ақтөбе облыстық ана мен баланы қорғау орталығының бас дәрігері:
- Санавиациямен алып келді. Жалпы жағдайы балалардың өте ауыр болды. Олар реанимацияда жатқызылды. Екі күн балаларға изентакционный терапия жүргіздік. Қазір балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Бейіндік бөлімге ауыстырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!