{metadescription}
Бір әулеттің 11 адамы бір мезетте Сырдарияға суға кеткен
Бір әулеттің 11 адамы бір мезетте Сырдарияға суға кеткен

Бір әулеттің 11 адамы бір мезетте Сырдарияға суға кеткен

Түркістан облысында суға кеткендердің саны 9-ға жетті. Тағы екеуінің денесі әлі іздестіріліп жатыр. Жантүршігетін жағдай Отырар ауданында болған. Сырдария өзеніне демалуға барған бір әулеттің 11 адамы бір мезетте суға кеткен. Көпшілігі кәмелетке де толмаған балалар.

Кешелі бері құтқарушысы мен еріктілерден құралған ұзын саны 200-ден астам адам іздестіріп жатыр. Әзірге 12 және 10 жастағы ұл мен қыздың денесі табылмай жатыр.

Оқыс оқиға кеше кешкі сағат бес шамасында Сырдария өзенінде болған. Құдалыққа жиылған әулиет тойдың ертесіне суға түсуге дәрияға барады. 20 адамның тең жартысы кәмелетке де толмаған балалар екен. Демалып жатқан кезде балалардың бірі суға тұншығып, оны құтқаруға ересектер ұмтылғанда, қалған балақайлар суға артынан секіріпті.

Мұсабек Сарымбет, Көксарай ауылының тұрғыны:

- Бірінші сол үйдің бір баласы суға түсті деді. Кішкентай емес, 10сыныпты бітіріп қойған сияқты. Содан соны құтқарам деп анасы кеткен. Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген дейді ғой. Құтқарам деп кеткені шығар, басқа не болады. Бір үйден бесеуі кетті, анасымен қосқанда. Бір үйден үшеу кетті. Бәрі бір атаның балалары ғой. Бір атадан төрт бала болса, соның ұл-қыздары ғой, немерелері.

Суға кетіп жатқандардың «құтқарыңдар» деп шырылдаған дауысын жақын маңда балық аулап отырғандар мен іргедегі жолмен кетіп бара жатқан жұрт естіп көмекке келген. Әйтпесе суға 20 адамның бәрі түгел кетуі де мүмкін еді.

Әділхан Аманов, Отырар ауданының тұрғыны:

- Осы жағада су терең. Сол жағадан шығардық. Шамамен бірбір жарым метрден келетін су ғой. Ары қарай терең. Өзіміз шықтық қой, бір бәле ғып, бірбірімізге көмектестік, қолымыздан тартып.

Қазір оқиға орнынан бастап төрт шақырым өзен іші мен жағасын сүзіп, іздестіріп жатыр. Оған мотор қайықтар, 150 құтқарушы мен полицей тартылып, тіпті дрондар ұшып жүр. Кешелі бері тынбай су ішін тінтіп жүрген сүңгуірлер үш денені судан алып шыққан.

Мұрат Қамбаров, Түркістан облысы ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Біздің сүңгуірлер тек қолымен сипапсипап, жер тырмалап, сол кезде үстінен түсіп қала ма деп іздеп жатыр. Басқа көрініс жоқ, көзге жөнді көрінбейді. 1350 шаршы метр жерді қарап шықтық.

Сырдарияның суы тартылғанымен, қазір іздеп жатқан тереңдік 3-5 метр екен. Суға кеткен 11 адамның екеуі әлі іздестіріліп жатыр. 10 жастағы қыз бен 12 жастағы ұлды тәулік бойы іздеп жатқан құтқарушылар қиындықтың көп екенін айтады.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары:

- Жағалауында тұрған ағаштар да су шайып, соның кесірінен, сүңгуірлердің айтуынша, көп томар, су астында жатқан ағаш көп. Кедергі келтіріп жатыр. Сондықтан бұл жерде ағысы да өзгеруде. Судың беткі қабаты осылай ағып жатқанымен, астыңғы қабатының ағысы бөлектеу.

Судан аман қалған 49 жастағы әйел мен 9 және 8 жасар балақай Отырар ауданының ауруханасында емделіп жатыр. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дегенмен, қатты стресс алғанын айтады. Ал тұншығып көз жұмған бір әулеттегі тоғыз адамның денесі бүгін Ызакөл ауылының мазаратына жерленді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.