«Қазақстан» шахтасында қаза тапқан бес кеншінің соңғы екеуі жерленді
Қарағанды облысы «Қазақстан» шахтасындағы көмір өндірісі кем дегенде бір жылға тоқтатылады дейді мамандар. Ал ондағы өрт өршіп кеткен. Оны сөндірген күнде, шахтаға бір жылдай түсуге болмайды екен. Бүгін Шахтинск шахтасында қаза тапқан бес кеншінің соңғы екеуі жер қойнына тапсырылды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
22.08.2023
Шахтадағы өртте қаза тапқандардың ішінде ең жасы — Артур Халиков пен Илья Старавойтов. Шахтада 29 жастағы Артур — 10, ал 27 жастағы Ильяның жұмыс істегеніне төрт жыл да толмапты. Халиковтың жаназасы мешітте шығарылды. Ал Старавойтовпен жақындары мен әріптестері шіркеуден шығарып салды. Оның артында бір жасар баласы мен жас әйелі қалды.
Шахтаның өзі алтыншы күн қатарынан жанып жатыр. Қызыл жалын ораған көмір қабаттары опырылып құлап жатыр екен. Мамандардың айтуынша, жерасты жолдарындағы металл тіреуіштері де балқып кеткен. Оларға тиген судан тар жердегі түтінге бу араласып, қарға адым жер көрінбейді. Өрт сөндірушілер кәдімгі моншада жүргендей күй кешуде. Сондықтан қызыл жалын қашан ауыздықталып, жер астына сарапшылар қашан түсе алары әлі белгісіз.
Геннадий Селинский, «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС Қарағанды филиалы директорының орынбасары:
- Бұл жұмыс атқарылғаннан кейін шахта ең кемі бір жылға дейін жұмыс істей алмайды. «Неге бір жыл?» деген сұрақ туады. Өйткені өрттен опырылған жер көп. Содан кейін жанған жерлер суытылуы керек. Егер бір айдан кейін өрт болған жерді ашып жіберсек, бықсыған шалаға оттегі жетісімен өрт қайта лап ете түседі. Мына еңбектің бәрі зая кетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!