«Арселор Митталмен» қашан қоштасамыз?
«Арселор Митталмен» қашан қоштасамыз? Премьер-министрдің орынбасары Үкімет кулуарында Лакшми Митталдың компаниясына қатысты саяси шешімнің қабылданғанын айтты. Дегенмен Ерұлан Жамаубаев Митталдың үлесін сатып алуға ниеттеніп отырғандар туралы жақ ашпады. Вице-премьердің сөзінше, бұл мәселеге қатысты сұрақтармен Роман Скляр айналысып жатыр.
Автор: Айғаным Достанбай
22.08.2023
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі:
- Сіздер бәрін естіген боларсыздар. Бұл мәселемен тікелей Роман Скляр айналысады. Егер әркім өз деңгейінде қабілетсіз түсініктеме берсе, бұл дұрыс болмайды. Сонымен қатар бұл келіссөзге әсер етуі мүмкін. «Арселор Митталдың» Қазақстаннан кетуі туралы саяси шешім бар. Сондықтан да жұмыс істейтін боламыз.
Қарағанды облысында «Арселор Митталға» қарасты кен орындарында, әсіресе соңғы 10 жылда апат жиілеген. Осы уақыт аралығында 30-ға таяу оқыс оқиға тіркеліп, қаншама отбасы қара жамылды. Олардың ішіндегі ең ірі апат 2006-2008 жылдардағы 71 кеншінің бақилық болғаны ел есінде. Күні кеше «Қазақстан» шахтасындағы апаттан кейін қоғам белсенділері мен депутаттар «Арселордың» Қазақстаннан кетуін талап етіп, бірінен соң бірі мәлімдеме жасаған-тын. Алайда түбегейлі шешім әзірге қабылданған жоқ. Ашық дереккөздерде Лакшми Митталдың үлесін ресейлік «Северсталь» компаниясы сатып алады деген ақпарат тарауда. Дегенмен вице-премьер мұны растамады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!