Алматы облысында АЭС салуға қатысты қоғамдық талқылау өтті — көбі қарсы емес
Басым бөлігі қарсы емес. Алматы облысының Үлкен ауылында атом электр станциясын салуға қатысты қоғамдық талқылау өтті. Жердің шалғайлығына қарамастан, елдімекенге қоғам белсенділері, депутаттар мен экологтар ат арылтып жеткен.
Автор: Айғаным Достанбай
22.08.2023
Екі сағаттан астам уақытқа созылған талқылауда тұрғындардың басым бөлігі стратегиялық нысанның салынуын қолдап-қолпаштаған. Ал ауылдың кей белсенділері АЭС құрылысына наразы.
Жиында жақтаушы топ атом электр станциясының құрылысы бастала салысымен, 8 мың адам екі қолға бір күрек табатынын, ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 2 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтты. Осылайша «ғасыр құрылысы Үлкеннің екінші тынысын ашады» деп, бастаманы қолдауға шақырды. «Чернобль кебін киеміз» деп үрейленген екінші тарап стратегиялық нысанның салынуына түбегейлі қарсымыз деп шулай кетті. Қайткен күнде де, Үлкен ауылы тұрғындарының пікірімен санасамыз деп отыр энергетика министрінің орныбасары. «Тұрғындар келіспесе, жаңа орын іздейміз» деп кесіп айтты Жандос Нұрмағамбетов. Бүгінгі қоғамдық талқылауда айтылған ұсыныстар мен сауалдарды назарға аламыз деп сөзін сабақтады.
Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Орналасқан жері туралы шешімді анықтау үшін Алматы облысы әкімдігінің қорытындысы қажет. Бүгін "иә" немесе жоқ" деген жауапты әкімдік айтады. Осыдан кейін бұл станцияны орналастыру туралы шешім қабылданады. Бірақ станция салынбастан бұрын техникалықэкономикалық негіздемесі жасалады. Қоршаған ортаға әсерді бағалау, барлық мүдделі тараптың пікірі жиналады. Бұл жұмыс енді ғана басталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!