{metadescription}
Мопедшілер жүргізуші куәлігін алуға міндеттелуі мүмкін
Мопедшілер жүргізуші куәлігін алуға міндеттелуі мүмкін

Мопедшілер жүргізуші куәлігін алуға міндеттелуі мүмкін

Мопед тізгіндегендер енді жүргізуші куәлігін алуға міндеттелуі мүмкін. Алматыда қоғам белсенділері екі дөңлекті техниканы жаппай тіркеуді ұсынады. Өйткені құжат жүзінде қозғалтқыш көлемі көбінде 49 текше сантиметр болғанмен, іс жүзінде жүз жиырмадан асады екен.

Соның салдарынан қалада жүйткіген мопедтермен жол апаты жиілеген. Бүгін қала полициясы арнайы рейд те ұйымдастырды.

Жаяу жүргіншілердің де, көліктердің де алдын кес-кестеген мопедтер көптің ығырын шығарғаны жасырын емес. Қолжетімді құралды айдау үшін жасың 16-ға толса жеткілікті. Жүргізуші куәлігін де сұрамайды. Өйткені құжатта қозғалтқышы 49 текше сантиметрден аспайды. Сәйкесінше шекті жылдамдығы елудің төңірегінде болуға тиіс. Алайда Алматыдағы мопедтер сағатына жүз шақырым жылдамдықпен құстай ұшады. Оған рейд барысында өзіміздің де көзіміз жетті.

Мопедтің қыр-сырын жатқа білетін маманның полицейлермен бірге рейдке шығуы тегін емес. Тайға таңба басқандай, әрқайсының техникалық сипаттамасын айтып береді. Мегаполисте оңды-солды ойқастаған екі дөңгелекті құралдың дерліктей бәрі құжатқа сәйкес келмейді деген ойымен бөлісті. Бүгінгі рейдте сақшылар мопед тізгіндегендерді тоқтатып, жол қауіпсіздігі ережесін тағы бір мәрте есіне салды. Қозғалтқыш көлемі талаптан асқандардың куәлік алуға міндетті екенін түсіндірді.

Шыңғыс Тұрымбетов, Мамандандырылған патруль полиция батальонының аға инспекторы:

- Мопед жүргізушілерінің көбісі 49 текше деп ойлайды. Бірақ техниктер бүгін дәлелдеп берді. Винкодтарымен, басқа жақта, басқа құралдарымен 120-дан 150-ге, 180 текшеге шығып жатқанын түсіндіріп айтып жатыр.

Қазақстандық екі доңғалақты көліктер дамыту қауымдастығы бұл мәселені шешудің жалғыз жолы мопедтерді жаппай тіркеуде дейді. Ресми есепке алынған соң жылдамдығын шектейтін арнайы чип орнатуды да ұсынып отыр.

Жанна Нұрсейітова, Қазақстандық екі доңғалақты көліктерді дамыту қауымдастығының баспасөз хатшысы:

- Қазір тіркеуге қоямын дейтін азаматтар табылса да, ол мүмкін емес. Өйткені қолында кеден декларациясы, техникалық паспорты жоқ. Сондықтан осы мәселені ретке келтіру керек. Бірінші кезекте техникалық байқаудан өткізіп, зауыттың о бастағы баптауын орнату қажет. Әйтпесе көбісі дауысы қатты шығатын немесе қатты жүретін етіп өзі қолдан жасап алған. Сонда ғана жолдағы қауіпсіздікті күшейтеміз.

Қауымдастық айтқан тіркеу науқаны қашан басталатыны әзірге белгісіз. Ұсыныс жасалды. Мопедтер ресми тіркелмегендіктен, оның нақты статистикасы қанша екенін әзірге ешкім де дөп басып айта алмайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

08 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде