Астана қоқысқа толды, оны шығаруға күш жеткіліксіз
Астана тұрғындары жиналмай жатқан қоқыстан көз ашпадық деп әлеуметтік желіде жаппай шағым жазып жатыр. Есілдің қос жағалауында да контейнерлердегі қоқыс аузы-мұрнынан шығып, қолқаны қабатын иіс бұқараның берекесін алған. Таудай үйілген қалдықты коммуналдық кәсіпорындар дер кезінде тазалап үлгермей жатыр. Бас қаланың қоқысын шығаруға күш жеткіліксіз көрінеді.
Автор: Мерей Қалиасқар
23.08.2023
Тау боп үйілген қоқыс арасынан тұрмыстық қалдықтан бөлек, құрылыс, үй жиһаздары мен тұрмыстық техника бөліктерін табуға болады. Бұл сол жағалаудағы бір ғана Бөкейханов көшесінендегі жағдай емес, қаланың өзге де аудандары да қоқысқа көмілуде.
Орталық көшедегі көрініс: аулалар қоқыс алаңына айналып жатыр. Тұрғындар бірнеше көп қабатты үйге қоқыс контейнерлері жеткіліксіз дейді. Жәшіктер тез толып, қоқысты айналасына тастауға мәжбүрміз дейді.
- Ешкім келмеді. Бір апта болды. Әлі күнге дейін иісі шығып жатыр. Бүкіл ауданға екеу-ақ екен. Сондықтан техника жетпей жатыр дейді.
- Қоқыс жәшігінің тереңдігі үш метр. Күнге қызып, ауаға тарайды, жел көтереді. Жұмысына деген салғырттық қой.
ЭКСПО маңайындағы көпқабатты үйдің ауласында да жағдай мәз емес. Көзге бірден түскен жерде шашылған күл-қоқыс. Жағымсыз иісі тіпті жанынан жүргізбейді. Қоқысқа көмілген көше элиталы аудан тұрғындары үшін біраздан бері үйреншікті көрініске айналды.
- Терезе ашуға болмайды. Жаман иіс келеді. Екіншіден – үйдің арасы өте тар. Қоқыс тастауға бұл жер жарамайды.
- Жәшіктер қоқысқа толып кетеді. Білмеймін, демде толып қалады. Көртышқан әзірге көрген жоқпын, бірақ шыбыншіркей көбейіп кетті.
Бастапқыда мұнда бар-жоғы екі-ақ қоқыс контейнері болған. Тұрғындардың сұрауымен қосымша екеуі орнатылды. Алайда оның өзі аз. Тұрғындар маңайдағы кәсіпкерлік нысан иелері де қалдықты осында төгетініне наразы.
Абай Алаш, кәсіпкер:
- Мен комьпютерлік клубта жұмыс істеймін. Біз қоқысты алысқа апара алмаймыз. Осында тастап, қайта жұмысқа барамыз.
Мәселенің анығын білу үшін әкімдікке хабарластық. Қаланың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы контейнерлердің жиналып жатқанын алға тартады. Тек қоқысты шығаруға күш жеткіліксіз екен.
«Астана қаласы, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ:
- Қалада тұрмыстық қалдықты жинау және шығару қызметтерін Clean City NC ЖШС 2017 жылдан бастап істейді. Контейнер алаңдарынан қалдық жинау екі ауысымда жүргізіледі: біріншісі 06:00-ден 14:00-ге дейін, екінші ауысым 14:00-ден 22:00-ге дейін. ҚТҚ жинау және шығару жұмысын күшейту мақсатында жақын арада қоқыс шығаратын компанияларды анықтау үшін қосымша конкурс өткізу жоспарда бар.
Көптің көңілін күпті еткен Clean City компаниясы "басшылық орнында жоқ" деп, сұқбат беруден бас тартты. Тұрғындар тазалыққа жауапты мекеменің саусақпен санарлықтай ғана техникасы екі күннің бірінде сынып, жұмыс тұралап қалады деп налиды. Қорыта айтқанда, әкімдік айтқан конкурс өткізілмейінше, бұл түйткіл әзір тарқатылмайтын тәрізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!