Қостанайда орман шаруашылығының экс-директоры А. Жақашев 4 жылға сотталды
Қостанайда алапат орман өртіне кінәлі деп айып тағылған орман шаруашылығының экс-директорына қатысты сот шешімі шықты. Сот Асғат Жақашевты «салғырттық» бабы бойынша бостандығын 4 жылға шектеп, лауазымды қызмет атқару құқығынан айырды.
Автор: Шерхан Абзалұлы
24.08.2023
Ал прокурордың 7 жылға соттау туралы ұсынысын дәлелсіз деп тапқан судьяның сөзін естіген оның туыстары қол соғып, қуаныштан көз жасына ерік берді.
Асғат Жақашев «Басаман» шаруашылығын басқарған тұста ормандағы жеке тұлғаларға ағаштарды кесуге заңсыз рұқсат берген. Олардың өрт қауіпсіздігін елемеуінің кесірінен былтыр қыркүйекте Әулиекөл ауданында 9 мың гектардан астам алқап отқа оранған еді. Келтірілген шығын көлемі 18 млрд теңге. Сонымен қоса құны 600 миллион теңгеден астам тұрғын үйлермен мен нысандар күлге айналды. Осы іске қатысты прокурор бар айыпты тағып, Жақашевты 7 жылға қамауды сұрады. Алайда судья «қызметін асыра пайдалану» бабын ауыстырып, Асғат Жақашев сот залынан бостандыққа шықты.
Ләззат Байғожина, Қостанай облысы соты баспасөз қызметінің бас маманы:
- Істің барлық мәнжайын ескере отырып, көрсетілген мерзімге пробациялық бақылау белгілей отырып, 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Жаза тағайындау кезінде жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде денсулық жағдайын болмауын және асырауында жас балалардың болуын таныды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!