{metadescription}
Шымкент тұрғындары асфальт төсеу технологиясы бұзылып жатқанын айтып шулады
Шымкент тұрғындары асфальт төсеу технологиясы бұзылып жатқанын айтып шулады

Шымкент тұрғындары асфальт төсеу технологиясы бұзылып жатқанын айтып шулады

Шымкентте көп жыл бойы көшеге асфальт төсеуді сұрап жүрген тұрғындар енді жол салуды тоқтатуды талап етіп жатыр. Өйткені Құрсай ауданының жолын жүргізуді мойнына алған құрылысшылар топырақ пен лайдың үстіне салып жатыр дейді.

Сапасыз салынып жатқан жолдың жыл өтпей-ақ бұзылатынына күмәні жоқ тұрғындар мердігер мекеменің техникасын тоқтатып тастады.

Құрсай шағын ауданы құрылған күннен көшелеріне жол салып беруді сұрап, тұрғындары әкімдерге жылдар бойы арызданған. Биыл құрылыс болады дегенде бөркін аспанға атқан жұрт, жұмыс басталғанда қуанышы су себілгендей басылған. Себебі, асфальт салу технологиясы өрескел бұзылып жатыр дейді.

Елдос Байтүгелов:

- Шағал төседі, тығындаған жоқ, әшейін келді де, сырып жайып кетті. Енді, міне, топырақты көрдіңіздер. Видеоға түсіріп алғанбыз. Топырақтың үстінен асфальт салмайды. КамАЗ жүріп, ойып тастап жатыр, мыжылып жатыр, тығыздап салмады, сапасы нөл!

«Топырақ үстіне жамылып жатқан асфальт ертең жауын-шашын түссе, жерге сіңіп жоқ болады» деген тұрғындар техникалардың алдын кес-кестеді. Топырақ үстіне тас төсеп, оны нығайтқан соң, үстіне арнайы асфальтқа дейін шашылатын эмульсия жағуды талап еткен олар «шала істелініп жатыр» деп жұмысты тоқтатып тастады.

Гауһар Бейсен:

- Лайдың үстіне әкеп асфальт төсеу деген миға кірмейтін нәрсе. Бізде қаншама үлкен машина жүрген кезде, өзі зорға жеткен кезде, асфальтқа неше жыл дегенде арыз жазып, Абай ауданынан арыз жазып келе жатырмыз. Асфальт сұрап келгенімізде, бізге нашар жасап бергені керек емес. Бұлар салып жатқан мердігер мекеме әкімдікке сілтейді, ал әкімдік Фарида әпшеге сілтейді, айдаладағы көлік басқармасына сілтеп жатыр.

Құрсай көшелерін асфальттауға тапсырыс берген Шымкенттің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 12 шақырымға 773 миллион теңге бөлген екен. Жолдың шала істелген тұстарын мердігер мекемелерге «қайта жөндетеміз» дейді.

Фарида Құрбанова, Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

- Мінсіз деп айта алмаймын, топырақ жерге төселгенін халық айтып тұр. Бұл жердің бәрін кестіріп, қайта тазалатып төсетеміз. Жалпы бұл жерде сапасыз деуге келмейді. Өйткені мен таңертең ғана осы жерге сапа құрылысты жібертіп тексерткем, тығыздығын қарап, содан соң жұмысқа кірісуге рұқсат бергенбіз.

Жұрт тоқтатқан техника ел тараған соң түнделетіп бәрібір асфальтты көшелерге төсеп кетіпті. Бірақ топырақтың үстіне төселген асфальтты қолмен ұстасаң, жұлынып жатыр.

Істелініп жатқан жұмысты сапасыз әрі бюджет миллиондарын желге ұшыру деген тұрғындар жаңа жолды прокуратура мен антикор тексерсін деп талап қоюда.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде