Түргеннің айналасы қоқыс полигонына айналып бара жатыр – Алматы облысы
Қоқыс басқан курорт аймағы. Алматы облысындағы Түрген ауылының тұрғындары шырайлы жердің айналасы тұрмыс қалдығын төгетін полигонға айналып бара жатыр дейді. Тіпті ит-мысықтың өлекселері шашылып жататын болған. Күн ыстықта иістеніп, қолқаны қабатын иіс жайлаған. Экология ахуалы нашарлап, адамдардың ауру-сырқауы да көбейген.
Автор: Салтанат Шырынхан
24.08.2023
Түргендіктер жергілікті биліктен бұл бассыздықты тоқтатуға шара қабылдауды талап етіп отыр.
Тұмса табиғаттың ортасында тұрған Түрген ауылының қазіргі көрінісі. Дәл іргесі заңсыз қоқыс полигонына айналған. «Күлтөкпеден көз ашпай келеміз» деген тұрғындар бұл мәселемен 20 жылдан бері алысып келеді. Бұрын алшақ тұрған аумақ бүгінде үйлерге жақындай түскен.
Қоқыс полигоны Түрген ауылынан 70 метр қашықтықта орналасқан. Жалпы аумағы 12 гектар. «Қалдық иісінен күн сайын тұншығамыз» деген тұрғындар түрлі ауру тарап жатқанын айтады.
Алена Польских:
- Міне, жануарлардың өлексесінен бастап, тұрмыстық қалдық, балалардың жөргектеріне дейін мүңкіп жатыр. Ал оны келіп өртегендегі түтіннің иісі адам төзгісіз. Бүтін бір ауылға тарайды. Экология әбден ластанғанынан денсаулығы нашарлап жатқандар өте көп. 20 жылдан бері онкологиямен ауыратындар саны қаптап кетті. Балаларымыз да ішек инфекциясымен сырқаттануда.
Тынысы тарылып, қоқысқа көміліп отырған халықтың жергілікті әкімдікке өкпесі қара қазандай. Өйткені қоқсыққа қатысты мәселе ауылдың дәл ішінде де бар. Бұл өзеннің жағасына құрылыс қалдықтары осы көктемде төгілген. Айтуларынша, белгісіз біреу тар жерді тамаша етіп, тегіс жер жасамақ болыпты.
Баян Нұрсейітова:
- Белгісіз біреу үй саламын деп, табиғат қорғау аймағына. Ол жерге үй салуға ешқандай, ешкімнің қақысы жоқ. Ел шуылдағаннан кейін тыйып тастады. Саламын деген қоқыстарын бәрін тастап кетті. Біздің Түргенімізге туристер келеді деп жатыр. Мынандай қоқысымызды туристерге қалай көрсетеміз? Бұл біздің бетіміз ғой.
Алена Лазарева:
- Іргеміздегі полигон айтаайта, әбден жырға айналды. Енді, міне, көшемізге де қалдық заттар төге бастады. Ол ол ма, көпқабатты үйлерге арналған қоқыс тастайтын орындарда да тұрмыстық қалдықтар аузы-мұрнынан шығып, тіпті жерде шашылып жатыр. Жазғы уақытта ыстықтан сасып, иісінен аулада жүру мүмкін емес. Ауылымыздың ауасы, экологиясы әбден ластанып бітті. Мұның алдын алмасақ болмайды.
Тұрғындар өзен бойындағы қалдыққа қатысты экология департаментіне шағымданыпты. Өз бетінше қоқыс әкеліп төккен азаматқа айыппұл ғана салынған екен. Бұдан бөлек, әкімдіктегілерді орынды тазалауды міндеттепті. Ал ауыл маңындағы қоқсық полигонының заңсыз екенін атқамінерлер де растады. Ол жерге ауыл тұрғындарымен қоса, арлы-берлі өткен жүк көліктері де қалдық қалдырып кетеді екен. Талай рет айыппұл салса да, нәтижесі болмаған.
Медет Жанабілов, Еңбекшіқазақ ауданы ТКШ бөлімінің бас маманы:
- Қазір әкімшілік тарапынан жеке инвестор іздеп тауып, қазір сол жерге тіреу жүргізілуге әрекет етіп жатырмыз. Қазір енді табылды. «Гео дата плюс» деген ЖШСпен келісімшарт жүргізіліп жатыр. Ол жерді кәдімгідей түріп, болмаса, басқа жерге көшіру туралы. Ол жерді жауып, ешкімге төккізбеу туралы жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Бұған дейін жұрт қоқсықтарын осында төкпес үшін аумақты қоршай алмаған. Өйткені бұл жерлер жекенің иелігінде. Алайда жақында тазалау жұмысы басталатынын айтқан жауаптылар жыл соңына дейін аяқтаймыз деп уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!