Сасық иіс жайлаған Ленин ауылының жұрты жаппай көшіп жатыр – Павлодар облысы
Павлодар облысындағы Ленин елдімекенің жұрты үйін сатып, көрші аудандарға көшуге мәжбүр. Өйткені мұнда мүңкіген иістің кесірінен таза ауа арманға айналған. Ет өңдейтін зауыт пен кәріз құйылатын орыннан шыққан иіс қолқаны қабады.
Автор: Шерхан Абзалұлы
24.08.2023
Ал ауылдағылар: «Атқарушы биліктен қанша көмек сұрасақ та, қайыр болмай отыр» - деп қапалы. Екі жылдан бері тынысы тарылып отырған тұрғындарды КТК тілшісі көріп келді.
Бұл ауылдың жұрты жуған киімін далаға емес, 20 шақырым жол жүріп, қалаға жаяды. Өйткені жағымсыз иіс аулудағы кірге сіңіп, киюге жарамсыз етеді. Тұрғындар осыған қарап-ақ қолқаны қапқан қолаңсаның зардабын білуге болады дейді. Тіпті мұндағы тұншыққан тұрғандар ойын балаларын үйде ұстап отыруға көшкен. Қыстың аязында да, жаздың аптабында да үйінің есік-терезесін қымтап амалын табады.
Ажар Әлжанова:
- Осы ауылда тұрып жатқаныма талай уақыт болды. Мынадай сасық иіс бұрын болмаған. Бірақ соңғы екі жылдан бері тыныс алу қиындап кетті. Балаларымыз да далаға шығудан қалған. Ал жуған киімді кептіру үшін қалаға қатынауға мәжбүрміз. Болмаса, осындағы кір жуып беретін арнайы орынға жүгінеміз. Алайда оған қайтақайта ақша төлеу қалтаны қағады.
Көрші ауылдарда «сасық» сөзі аталса болды Ленин ауылы еске түсетін жағдайға жеткенбіз дейді ел. Ет өңдейтін зауыт пен кәріз құйылатын орыннан құтылмайынша, тыныштық жоғын айтады. Ал бұл күннен күдерін үзгендер үйін тастап, қонысын аударуға қамдануда.
Қанат Мекебаев:
- Ауаға улы зат тарап, денсаулығымызға зақым келіп жатыр. Осы иістің кесірінен ауылдағы қариялардың жиі басы ауыратын болған. Қазір халық бұл жерден құтылу үшін үйін сатып жатыр.
Экология департаменті кәріздің ауаға тараған иісінен зиянды заттарды таппадық дейді. Ал ет өңдейтін зауыт бойынша, бүгінге дейін бір арыз да түспепті. Жауаптылар бұқараға тек басу айтпай, кеңесін де беріп кетті. Мәселе май-шаммен қаралуы үшін ауылдықтар жаппай арыз жазу керек екен.
Жомарт Кәрімов, Мемлекеттік экологияны бақылау бөлімінің басшысы:
- Аталған мекенжай бойынша әзірге бізге арыз түскен жоқ. Қазіргі заңды барлығыңыз білесіздер. Ешқандай шағым түспесе, кәсіпкерлік нысанға басакөктеп кіріп, тексеріс жүргізе алмаймыз.
Халық Ленин ауылын жайлаған сасық иісті жауаптыларға дәлелдеу үшін қолаңсаны қалай суретке түсіруге болатын ойлап бас қатыруда. Зауытты шалғайға көшірмейінше, кәріз қалдығын тексертпейінше, тыныш таппаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!