{metadescription}
Тамыз кеңесі: Соңғы қоңырау. Тәрбиешілер жалақысы. Тегін тамақтандыру
Тамыз кеңесі: Соңғы қоңырау. Тәрбиешілер жалақысы. Тегін тамақтандыру

Тамыз кеңесі: Соңғы қоңырау. Тәрбиешілер жалақысы. Тегін тамақтандыру

Соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады. Бұл туралы бүгін дәстүрлі тамыз кеңесінде премьер-министрдің орынбасары мәлімдеді. Осылайша Тамара Дүйсенова қоғамда қызу талқыға түсіп, бір жақты шешімін таппаған даулы мәселенің нүктесін қойды.

Дегенмен оқу-ағарту министрінің ұсынысы қисынға келмейді деуге болмайды. Вице-премьердің сөзінше, араға екі жыл салып, яғни 2025 жылдан кейін ғана оқу жылын ұзарту тақырыбына қайта оралуымыз мүмкін екен.

Өткен жылдан бері қоғамның қызу талқысына түскен 25 мамырды қайтару мәселесіне бүгін премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова нүктесін қойды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың өзі бұған қатысты сауалдарға айналсоқтап, екіұшты жауап беріп келгенімен, нақтысын айтпаған-тын. «Бір аптаның әрісі не, берісі не» деп кейіген көпшіліктің тілегі қабылданды. Соңғы қоңырау салтанаты бәз-баяғыша 25 мамырда өтетін болды. «Бірақ бұл ұсыныс министрдің сәтсіз шешімі деуге келмейді. Тек 36 апталық оқу жылына көшу үшін бізге үлкен дайындық керек» - деп отыр вице-премьер.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Оқу жылының 36 аптаға дейін ұзартылуына қатысты өз пікірімді білдірсем деймін. Бұл мәселеге қатысты қоғамда сын көп болып, педагогтар қауымдастығы тарапынан ұсыныстар болды. Бұл әлемдік тәжірибе екендігін мойындауымыз қажет. Дегенмен мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет. Министрліктің шешімі дұрыс болды деп санаймын. Бірақ асығыс болды. Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін.

Енді бұл тақырып төңірегіндегі дау 2025 жылға дейін жабылды деуге болады. Тамара Дүйсенова оқу жылын ұзарту мәселесіне екі жылдан кейін ғана ораламыз дейді. Ал оған дейін қажет дайындық жұмыстарын жүргізіп, оқу бағдарламасын бейімдеуді министрдің мойынына жүктеді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Елімізде оқу аптасын ұзарту қажет дүние. Әлемдегі озық мемлекеттерде бар үрдіс. Бірақ біздің мектептеріміздің, оқу бағдарламалардың, оқулықтың және мектептің материалдықтехникалық базасының оған сәйкестендіру мәселесіне көп назар беру тұрғысынан сарапшылар ой-пікірлерін білдірді. Сондықтан біз бұл мәселені асығыс бастамай, пайдалы жағына көбірек келу үшін әзірге 25 мамырға қайта тұрып, оған жақсы дайындықпен келу қажет тұрғысынан айтылған сарапшылардың ойпікірін қабылдадық.

Биылғы оқу жылындағы негізгі жаңалықтардың бірі – балабақшаларға маман тарту мақсатында биыл қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30%-ға өседі. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылып, арнайы күзетпен және дабыл түймелерімен жабдықталыпты. Сонымен қатар жаңа оқу жылында 1 жарым миллионға жуық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақтандыру қолға алынған.

Жаңа оқу жылының алдындағы тамыз кеңесі ұстаздар қауымы ғана емес, күллі білім саласының қызметкерлеріне де елеулі шара. Бірақ неге екені белгісіз, министр Ғани Бейсембаев пен осы салаға жауапты вице-премьер Тамара Дүйсенова негізгі жиынға онлайн қосылды. Жылына бір рет қана өтетін маңызды жиналысқа бір қалада тұрып, жауапты министрдің төбе көрсетпегені қай жағынан алып қарасақ та, қисынсыз емес пе?!

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде