Астана әкімі: Жәрмеңкеде жеміс ұрлағандар жауапқа тартылады
"Мәдениеттің төмендігінің белгісі". Астана қаласының әкімі Тәжікстан мәдениеті күндері аясында өткен жәрмеңкеде жеміс ұрлағандар жауапқа тартылатынын жеткізді. Әкім Жеңіс Қасымбек тәртіп бұзғандарды полицияға табуды тапсырды.
Автор: Мерей Қалиасқар
28.08.2023
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі. Кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тиді. Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады.
Демалыс күндері елордада тәжік шаруаларының жәрмеңкесі өткен. Келушілер қойылған жеміс атаулының бәрін тып-типыл қылды. Ұйымдастырушылар бастапқыда ауыл шаруашылығы өнімдері түгел сатылып кетті деген. Бірақ әлеуметтік желіде тараған видеода кейбіреулер қарбыздарды көтеріп кетіп бара жатқаны, енді бірі ілінген жүзімдерге өрмелеп жетіп, шешіп алғанын көруге болады. Тіпті қыш ыдыстарды да ала кеткен. Тегін палауға таласқандардың да қарасы қалың. Тамыздың 29-ына дейін жоспарланған жәрмеңке осылайша ерте аяқталды. Тәртіп бұзып, көпшіліктің сынына қалған азаматтарды қазір полиция іздестіріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!