{metadescription}
AR Cup 2023: Алматыда Айсұлтан Рахатты еске алу турнирі өтті
AR Cup 2023: Алматыда Айсұлтан Рахатты еске алу турнирі өтті

AR Cup 2023: Алматыда Айсұлтан Рахатты еске алу турнирі өтті

Балаларға футбол қуанышын сыйлаған күн. Алматыда Айсұлтан Рахатты еске алуға арналған AR Cup 2023 халықаралық турнирі өтті. Дүбірлі дода осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Екі жыл қатарынан елордада өтсе, биыл 160-қа жуық жас спортшы Алматыда бас қосты.

Еліміздің түрлі өңірлері және көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген командалар арасындағы ойын тартысқа толы. Балғын футболшылар бас жүлдені сарапқа салды.

Жарыстың алғашқы күні. Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағандыдан бөлек доп додасына Өзбекстан мен Қырғызстанның 10-11 жас аралығындағы жеткіншектер жасыл алаңда өнер көрсетті. 8 команда. Бәрінің жеңіске жетсек деген талпынысы таудай.

Абылай Тұрсын, футболшы:

- Бес айдай болды, дайындық осы. Жақсы дайындалдық. Чемпион болып, ең мықты команда екенін көрсетеміз, «Қайраттың» мықты команда екенін.

Трибунада қолдап, қиқулаған ата-ананың дауысы балаларға құдды қанат бітіргендей. Жанын салған жасөспірімдердің ойын өрнегі еріксіз сүйсіндіреді. Дей тұрғанмен, кіл мықтыдан ең мықты төрт команда жарыстың екінші күні өнер көрсетті. Алматылық «Қайраттың» қос бірдей клубы үшінші орынға таласты. Ал бабы мен бағы қатар шапқан екі команда финалға жолдама алды. Ол елордадан келген «Астана» мен Ташкенттің Bunedkor клубы. Кездесу алғашқы минуттан-ақ көрермен назарын баурап алды.

Айып соққысын шиыра тепкен 32-ші нөмірлі «Астана» ойыншысының голына қалайша сүйсінбейсің?! Қазақ футболының атын әлемге асқақтатар болашақ чемпиондарды көпшілік бүгін көзімен көрді. Әсіресе Ташкенттің Буниедкор қақпасына үшінші голды соққан Олжас Ержан талайдың таңдайын қақтырды.

«Астана» клубы 3:1 есебімен жеңіске жетіп, үшінші жыл қатарынан чемпион атанды. Жас таланттарды баптаған жаттықтырушы үшін де бұл ұмытылмас күн.

Әлнұр Оразалинов, бас бапкер:

- Жаттығуда жасаған дүниеміздің бәрін осы жарыста көрсете алдық деп ойлаймын. Балалар жарады. Жаттығудың бірдебірін қалдырмады. Қойған талабымызды орындады. Соның арқасында биыл кезекті рет жеңіске жеттік. Өте қуаныштымыз!

Айсұлтан Рахатты еске алуға арналған турнир осымен үшінші рет ұйымдастырылды. Биыл халықаралық сипат алды. Өйткені қырғыз бен өзбектің ең мықты деген командалары бұл жарысқа арнайы келді. Турнирдің басты мақсаты жас саңлақтарды танытып, үлкен футболға жол ашу.

Максим Жалмағамбетов, ұйымдастырушы:

- Марқұм Айсұлтан Рахаттың өзі футболмен шұғылданған. спорттың осы түрін қатты жақсы көретін. Астанада футбол академиясы болса, сол жерде жас таланттар оқыса, шеберлігін шыңдаса деген арманы да болды. Қазақ футболын Еуропаға танытып, алға сүйрегісі келді. Бұл турнир енді Айсұлтанның сол армандарының орындалуы деп білеміз.

Теңбіл доп сайысынан жүлдесіз қайтқан ешкім жоқ. Кубок пен медаль бұйырмағандарға бағалы сыйлық берілді. Ең бастысы, жарыс жас футболшыларға ұмытылмас қуаныш сыйлады. Ал осымен қатарынан үшінші жыл чемпион атанған «Астананы» енді кім жеңеді деген сұрақтың жауабын алдағы жылы білерміз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде