Көкшетауда 48 сарбаз аурухана төсегіне таңылды
Көкшетауда денсаулығы сыр берген сарбаздардың саны артып бара жатыр. Бүгін 55/10 әскери бөлімшесінен жұқпалы аурулар ауруханасына тағы төрт жауынгер жеткізілген. Осылайша Отан алдындағы борышын өтеуге келген 48 сарбаз аурухана төсегіне таңылды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.08.2023
Бүгін түскен сарбаздар да басқалар сияқты басы ауырып, қалтырап, есеңгіреген. Жедел жәрдем оларды да бірден инфекциялық ауруханаға жеткізген. Ал әскери бөлімшедегі 300-ге жауынгерден сынама алынған. Барлығы қандай да бір кеселден таза болып шығыпты. Соған қарамастан әскери бөлімшеде шектеу шаралары жалғасуда.
Ал менингококк бактериясы табылған бес сарбаздың жағдайы орташа ауыр дейді дәрігерлер. Жансақтау бөлімшесіндегі 20 жастағы жауынгердің де беті бері қарай бастапты.
Сәкен Қалымжанов, Көкшетау көпсалалы ауруханасының директоры:
- Жансақтау бөлімшесіндегі жауынгерден тыныс алу аппараты алынды. Ол өздігінен тыныстап жатыр. Бірақ ауру белгілері әлі де бар. Қажет барлық ем жасалуда. Басқа сарбаздарға да дезинфекциялық, дебактериалдық емшара қолданылып жатыр. Жағдайлары жақсарса, бес-алты күнде ауруханадан шығады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!