Үкімет Ұлттық қорға тағы да қол салайын деп отыр
Үкімет келесі жылы Ұлттық қорға тағы да қол салайын деп отыр. Қаржы министрі ол ақшаны халықты жылу, газ, сумен қамтуға жұмсаймыз деп түсіндірді.
Автор: Айғаным Достанбай
29.08.2023
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Біз ендігі жылда Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге аламыз деп отырмыз. Дегенмен де оған түсетін таза түсім осы 3,6-ны алғаннын өзінде 2,3 трлн деп болжанады. Одан кейінгі жылдарда үш трлн, одан кейін 6 трлн. Яғни біз 2030-ға дейін осы Ұлттық қордың қаражатын 100 млрд долларға жеткіземіз деп көздеп отырмыз.
Болашақ ұрпаққа деп сары майдай сақтап отырған қордағы қаражат осылайша келесі жылы 3 трлн 600 млрд теңгеге кемиді. Бірақ қаржы министрі бұл соманы екі-үш жылда еселеп қайтатынына сенімді. Оның айтуынша, 2024 жылға арналған түсімдер 20 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы да 20 трлн, 2026 жылы 21 трлн теңге айналасында.
«Ал келесі жылы алатын соманы жолдар мен жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға жұмсаймыз», - дейді Жамаубаев.
Сондай-ақ трансферт «Жайлы мектеп» пен «Ауыл денсаулығын жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысына бағытталмақ.
Ал Үкімет биыл Ұлттық қордан 4 трлн теңге алған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!