Бұланды, Қарағай оқушылары шаруашылық кеңсесінде оқуға мәжбүр
Ақмола облысындағы Бұланды, Қарағай ауылының оқушылары биыл тағы да жаңа оқу жылын орман шаруашылығының кеңсесінде бастайтын болды. Ауылдағы орта мектептің ғимаратын осыдан төрт жыл бұрын апатты деп танып, балалардың кіруіне тыйым салған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.08.2023
Онымен қоймай, құлағалы тұрған ғимаратты Біржан сал ауданының әкімдігі аукцион арқылы небәрі 4 миллион теңгеге жекеге сатып жіберіпті. Жергілікті тұрғындардың ендігі үміті жаңа мектеп болатын. Бірақ бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, құрылысы үш жыл бұрын басталған білім ошағы әлі пайдалануға берілген жоқ.
Құлағалы тұрған үш қабатты бұл ғимаратта 34 жыл бойы ауыл балалары білім алған. Қазір қабырғасы қаусап, жақындауға тыйым салынған. Ескі мектепті осындай жағдайға жеткізген — жауапты қызметтегілер, - дейді ашынған жұрт. Айтуларынша, пәленің бәрі жөндеуден басталған.
Қайдар Тасылбеков:
- 2018 жылы мектептің шатырын жөндеген. Қалай болса солай салынған құрылысты әкімдік комиссиясы қабылдап алды. Төбесінен бастап сөгіліп, ғимарат кешікпей бүліне бастады. Аса ескі мектеп емес қой. Қабырғаcы қисайып қауіп төндірген кезде төтенше жағдай апатты деп таныды.Сонымен мектептің шаруасы бітті.
«Шаруасы бітті» деген ғимаратты әкімдік 4 миллионға сатып жіберген. Ал оқушылар орман шаруашылығының кеңсесіне көшіріліпті. Үш жылдан бері тар бөлмелерде сығылысып оқыған 70 шақты оқушы қатар қонған екі ауылдан жиналады екен.
1 сыныптың ортасын пердемен екіге бөліп қойған. Бір уақытта екі түрлі сабақ өтеді екен. Бір-біріне кедергі келтірмес үшін өзара сыбырлап сөйлеуге мәжбүрміз дейді ұстаздары.
Әрине, орманшылардың кеңсесіндегі 7-8 бөлмеден басқа мұнда орын жоқ. Спортзал туралы мүлдем айтылмайды. Дәретханасы далада. Сондықтан «мектеп салынады» дегенде тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Ауыл шетіндегі жаңа құрылыстың әр кірпіші олардың көзалдында қалана бастаған. Екі жыл бұрын басталып, биыл жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырылады деген мектептің екінші қабаты да аяқталмаған.
Мәриәш Арынғазынова:
- Біздің балалардың таңертең тұрғандағы сұрағы: «біз қай мектепке барамыз?». Біз оны ойлауымыз керек, әкешешесі.Облыс, аудан әкімдері тарп етпей отыр. Былтыр мектеп басталған, сол қалпында, өздеріңіз көріп отырсыздар.
80 орындық жаңа мектепке бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген. 2021 жылы басталған құрылыс осы тамызда аяқталуы тиіс еді. Бірақ нысанда учаске бастығынан басқа тірі жан жоқ.
Батырбек Есенгелдиев, «Ерқанат сервис»ЖШС учаске басшысы:
- Келесі жылы, материалдардың қымбаттауына байланысты. 7 ай түзетілді. Биыл наурыз айынан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Биыл берілгені 613 миллион теңге. Оның 50 пайызын игердік. Қалғанын жылдың аяғына дейін игереміз. Әзір жұмыстың бәрі кезеңкезеңмен жүріп жатыр.
Биыл бұл ғимарат тапсырылады дегенге жұрт сенбейді. Өйткені соңғы кездері құрылыс тоқтап тұр. Ал оқушыларға қыркүйекте тағы да орман шаруашылығының кеңсесіне баруға тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!