{metadescription}
Жолдауда айтылған тапсырмалар үш жылда жүзеге асырылуы керек
Жолдауда айтылған тапсырмалар үш жылда жүзеге асырылуы керек

Жолдауда айтылған тапсырмалар үш жылда жүзеге асырылуы керек

«Атом электр станциясын салу мәселесін халықпен ақылдасамыз». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында таяу арада тағы да референдум болатынын мәлімдеді. Президент АЭС құрылысына қатысты түрлі пікірталастарға біржола нүкте қойғандай болды.

Президент әлеуметтік бастамалармен қатар, экономиканың қарқынын көтеруге жол ашатын бірқатар ұсынысын ортаға салды. «Тым ұзақ мерзімді ұмытыңдар» деген ол, Үкіметке бүгінгі Жолдауда айтылған тапсырмаларды бар-жоғы үш жылда жүзеге асыруды міндеттеді.

Араға екі ай салып, депутаттар демалысынан оралып, парламент ғимаратының іші азан-қазан. 60 күн бойы бір-бірін көрмеген мәжілісмендер арқа-жарқа қауышып мәз.

Ұлының айналасындағы жанжалдан кейін көрінбей кеткен қос әріптес Тұрлыханов пен Дайрабаев бірлескен отырысқа ерте келіпті.

Қырғызстан президентімен сөзге келіп қалған Аманжол Әлтаев, тіпті журналистерге ұстата бермейтін «Қазмұнайгаздың» төрағасы Мырзағалиев те таң атпастан осында.

Парламенттің бірлескен отырысы, одан кейін дәстүрге сай Президент жолдауы. Жиында не айтылады, кімді сынайды, қайсысын лауазымынан айырады деген болжамдар жаздың соңғы күндерінен бастап сол жағалауда желдей ескен.

Нұртай Сәбильянов, мәжіліс депутаты:

- Үкімет жұмысынап келетін бослақ, мәселе өте көп. Оның кемшіліктерін айтып жүрміз. Егер жұмыс істемей жатқан министр болса оларға қатысты шешім қабылдануы керек.

Дегенмен ел күткендей, Президент сөйлеген сөзінде ешкімнің кемшілігін бетіне басып сынап-мінеген жоқ. Тек біздің Министрлер кабинеті естен шығара беретін бірқатар қағидатты өтті. «Реформалардың іске асырылуына атқарушы билік жауапты. Ал түпкі нәтиже министрлердің құзырында» - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдістәсілдерін қолында ұстауға тиіс.

Атом электр станциясын салу туралы бастама шыққаннан бастап қоғам пікірі екі жарылды. «Кешегі Чернобыльдың кебін киеміз бе?» деп алаңдаған көпшіліктің қорқынышы Президенттің де құлағына жеткен сыңайлы. Стратегиялық нысанды салу-салмау мәселесіне ақырғы нүктені халық қояды деп шешіпті. Қысқасы, сіз бен біз, былтырғыдай, жалпыұлттық референдумға тағы атсалысамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз.

Осыған дейін референдум туралы жақ ашпаған жауапты министрлік президенттің мәлімдемесінен кейін басқаша сайрап шыға келді. Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салуға тұрғындар келісімін берді деген жалған ақпарат тарап жатыр дейді.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Бұқаралық ақпарат құралдарында АЭС құрылысына байланысты Үлкен ауылында өткен тыңдаудан кейін ауыл тұрғындары түпкілікті қарсы шешім қабалдады деген бұрмаланған ақпарат тарап жатыр. Үлкен аулының тұрғындарының пікірін біз құрметтейміз және ескереміз. Ауыл тұрғындары станцияның құрылысына жер таңдау барысында өз келісімін беріп отыр. Біз әлі атом электр стансасын салу туралы айтып отырған жоқпыз. Халықаралық талаптарға, соның ішінде халықаралық агенттікке қатысты, қазақстандық заңнамаға қатысты рәсімдері бар. Рәсімдердің тұтас кешені әлі де қарастырылады, демек станция құрылысы туралы процедура енді ғана басталып жатыр.

Елді елеңдетіп отырған келесі мәселе, бізде қолжетімді ипотекалық бағдарламалардың жоқтығы. «Отбасы банктың» құрылымын қайта қарауды тапсырған Президент, бәсекелес орта қалыптастыру үшін елге сырт мемлекеттерден сенімді деген үш қаржы ұйымын тартуды ұсынды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, шетелден келетін банктер біздегі қаржы ұйымдарының аспандап кеткен пайыз үстемесіне нақты қалай әсер ететінін әзірге нақты айта алмай отыр.

Мәдина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Жаңа банк келген күннің өзінде, ол елдегі базалық ставкаға, экономикадағы ақша құнына сүйенеді. Шетелдік банк келіп, өз өнімін басқа ставкамен ұсынады деп күту, бұл олай жұмыс істемейді. Экономикадағы ақша құны бар, қандай жағдай болмасын, олар базалық ставкаға назар аударады.

Президент өндірістегі өлім-жітімнің көбейгенін де назардан тыс қалдырған жоқ. Осы мақсатта ірі кәсіпорындарға бес жыл сайын аудит жүргізуді тапсырды. Салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жалпы санын кем дегенде 20 пайызға азайтуды міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдік жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ережемен берілуі керек.

Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы керек. Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің заңсыз жауапқа тартылуы жиілегенін, бәлкім салаға тың өзгергерістер керек екенін айтып қалды. Жуырда өзі де бизнес өкілдерінің басын қоспақшы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Жолдауда айтылған мәселелер қысқа мерзімде орындалсын деп міндеттеді Мемлекет басшысы. Нақтырақ айтсақ, үш жылдың ішінде жүзеге асырылуы керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде