Екі жаңа министрлік құрылып, үшеуінің құрылымы өзгертіледі
Екі жаңа министрлік пайда болып, тағы үшеуінің құрылымы өзгермек. Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Бұл бүгінгі президент Жолдауындағы басты жаңалықтардың бірі болды. 2040 жылдарға қарай елімізде су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық су көздеріне тәуелді мемлекет екендімізге назар аударды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
01.09.2023
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазақсушаруашылығы», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастық тың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жанжақты пысықтауды тапсырамын.
Су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселесін шешу Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндет екенін атап өтті. Енді еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. Су үнемдейтін технологияларды енгізуге басымдық беріледі. Министрлік аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмысын жандандырады. Биыл су тапшылығының зардабын әсіресе Жамбыл облысының шаруалары тартып жатыр. Суармалы судың жеткіліксіз берілуіне байланысты пияз бен қант қызылшасы алқаптарына қауіп төніп тұрғаны туралы осыған дейін айтылған еді.
Жалпы еліміздің оңтүстік өңірлері іс жүзінде Қырғызстаннан бастау алатын Шу және талас өзендеріне тәуелді.Аймаққа барлық суармалы судың 85 пайызы көршіден келеді. Жаңадан құрылмақ министрлікке бірінші кезекте осы саладағы мәселені шешу жауапкершілігі жүктеледі.
Ардақ Хасенов, «Астана орманы» ЖШС бас агрономы:
- Су мәселесі, президент атап өтті, мұнай және тағы басқа энергия көзі, солармен қатар жүреді. Ол кісіге мен толық қосыламын. Өйткені суды үнемдемесе, су өзі тіршіліктің көзі. Су болмаса, ешқандай да егін болмайды, еш тіршілік көзі болмайды. Судың арқасында, мысалы, топырақты тыңайтсақ та реакция жүреді, судың арқасында. Сондықтан да суды үнемдеу, бұл өзекті мәселелердің бірі деп ойлаймын.
Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы Көлік министрлігін қайтаруды тапсырды.
Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлімізді арттырудың маңыздылығына тоқталды. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту арқылы оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуі тиіс екенін жеткізді. Сондықтан көлік министрлігі қайта құрылады. Жаңа ведомство жол инфрақұрылымын салумен де айналысады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!