Президент: 1 млн 800 мың азаматтың жалақысы артады
Келер жылдан бастап ең төменгі жалақы өсетін болды. Енді аз айлық бұрынғыдай 70 мың теңге емес, 85 мыңды құрайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылайша 1 млн 800 мың адамның жалақысы артады деп отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
01.09.2023
Президент Жолдауында халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған біраз бастама көтерді.
Соңғы кезде кен орындарында жиі қайталанған апаттар мен опат болған кеншілердің мезгілсіз қазасы Президент жолдауында жаңа бастаманың көтерілуі сеп болды. Әсіресе қауіпсіздік ережелеріне пысқырып қарамаған компаниялардың салғырттығына тосқауыл қоятын кез келді. Жыл соңына дейін ел Үкіметі «қауіпсіз жерде еңбек ету тұжырымдамасын» Президент назарына ұсынуы тиіс. Құжат 2030 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Мұнда кен орындарында ауыр еңбек етіп, денсаулығынан айырылған жұрттың мүддесі қорғалады. Оларға енді 55 жастан бастап міндетті әлеуметтік төлем төленеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Менің тапсырмам бойынша Үкімет зиянды жағдайда ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау тетігін әзірледі. Мәселе көптен бері талқыланып келеді және шешімі табылды. Салалардың дамуына қосқан елеулі үлесін және денсаулыққа зиян келгенін ескеріп, мұндай қызметкерлерге зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді.
Ал ең төменгі жалақы енді 85 мың теңгеге дейін өседі. Жаңа жылдан бастап 1 млн 800 мың адамның айлығы осылайша артатын болды. Былтырғы Жолдауда 70 мың теңгеге дейін өскен. Осылайша еңбекақының ең төменгі мөлшері соңғы үш жылда екі есеге артқан.
Ерділдә Таутенов, Экономикалық зерттеулер институтының бөлім директоры:
- Келесі жылдан бастап 85 мың теңге болады. Жалақының көтерілуі, менің ойымша, экономикаға оң әсерін тигізеді. Бұл дегеніміз не? Бұл жұмыс берушілердің жұмыскерлеріне беретін ең төменгі жалақысы. Жұмыскерлердің табысы артады. Артылған табысты ол экономикадағы тауар мен қызметті артық пайдаланады деген сөз.
Президент білім саласында тұтастық, ортақ жүйе жоқ деп, саланы сыбап тастады. Өзара байланыстың жоқтығынан салада ақсап жатқан дүние көп. Осы ретте Жолдауда бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілетіні айтылды. Бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы мен инвестициялық табыс қарастырылуы тиіс. Бұл былтыр қабылданған «Ұлттық қор балаларға» жобасының қаражатымен қоса есептегенде, жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Президент санға емес, сапаға жұмыс істейтін кез баяғыда жеткен деді өз Жолдауында. Сол үшін білімнің сапасы мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін бар жағдай жасалуда елімізде. Әрине, алға қойылған міндетті жоғары жылдамдықты интернетсіз елестету мүмкін емес. Алыс шалғайды қойғанда, соңғы кезде ірі қалаларда да интернет іркіліксіз жұмыс істеп тұр деп айта алмаймыз. Сондықтан алдағы уақытта президент пәрменіне сәйкес, ғаламтор жылдамдығы реттеліп, білім берудің цифрлы ресурсы тегін әрі қолжетімді болуы шарт.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!