Биыл 132 мың оқушы жаңа мектепте оқиды
Биыл 132 мың оқушы су жаңа мектептерде оқиды. Жағымды жаңалық әсіресе оқушы орындарының тапшылығы қатты сезілген Астана іргесіндегі Қосшы қаласының тұрғындарын бір қуантып тастады.
Автор: Мерей Қалиасқар
01.09.2023
Енді аядай сыныпта қысылып оқыған оқушылар жаңа заман талабына сай екі мектепте білім алады. Ата-аналар мен оқушылардың қуанышына КТК тілшісі куә болды.
Қосшы қаласында былтыр бірінші сыныпқа барған оқушылардың рекордытіркеліп, тіпті "1 «Ш» деген сынып болған. 1200 орындық мектепте үш ауысымда 5 мыңнан астам адам білім алуға тырысты. Сөйтіп сыныптың тарлығы мен тығыздығына қарамастан, 10 мыңнан аса оқушы оқу жылын әупірімдеп аяқтады.
Қосшыға қала атағы берілгеніне екі жыл болған. 100 мыңға тарта тұрғыны бар шаһарға бес мектеп аз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін үш мыңға жуық оқушыға екі бірдей заманауи мектеп салынып, бүгін, білім күнінде пайдалануға берілді. Оқушылар да дән риза.
17 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты, соңғы үлгідегі білім ордасы. 1500 орындық мектеп-гимназия жеке инвестиция есебінен салынды. Жоба құны 7,6 млрд теңге. Бұл еліміздегі “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында бір-ақ жылдың ішінде бой көтеріп, мемлекет тарапынан тапсырылған алғашқы оқу орны. Екі тілде білім беретін мектепте интерактив кеңістікке ерекше екпін қойылған. Пәндік зертханалардан бөлек, роботехника мен 3D модельдеу студиялары және виртуалды көлік жүргізу сыныптары бар.
Дидар Асқарқызы, Қосшы қаласы мектеп-гимназиясы директорының м.а.:
- Гимназия компоненттері, гуманитарлық бағытта оқытылады. Бастауыш сыныптарда, содан кейін біртіндеп гимназия 4 сыныпты бітіргеннен кейін әрі қарай қамтылып отырады. Мектеп гимназиясына 2650 оқушы қабылданды. Бала санына байланысты, егер бала көбейетін болса, үш мыңға дейін толықтырылады. Жабдықтау, барлығы бар, заманауи мектеп.
Соңғы үлгідегі технология жетістіктерімен жабдықталған мектепті көруге келген оқу-ағарту министрі де таңданысын жасырмады. Тек гуманитарлық бағытқа ғана көңіл аудармай, білім беру бағдарламасының жаңа тренді STEM бағытына да назар аудару қажет екенін айтты.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бір ғана бағытты таңдау жеткіліксіз деп ойлаймын. Жеке бизнес, осылай мектеп соғатын болса, әрине, Отанымызда балаларымыздың жайлы және қауіпсіз ортада сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік тудырады. Жайлы мектеп жобасы бойынша 400ге жуық мектеп соғу жоспарланып отыр. Биыл инфрақұрылымды қолдау қоры бойынша 154 мектеп құрылысы аяқталып, 130 мың оқушы орын тапшылығын жоюға бағытталған үлкен іс-шара басталып кетті.
«Балам қайда оқиды» деп, көңілі алаң болған ата-аналардың да жүрегі орнына түсті. Олар енді жаңадан ашылған екі мектептің бірін таңдайтын күнге жетті. Заманауи гимназиядан бөлек, бүгін 1200 орындық мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Үш қабатты білім ордасында 50 оқу кабинеті, ағаш, мата өңдеу шеберханалары, жалпы айтқанда, сапалы білім алуға қажет дүниенің бәрі бар. Осылайша елорда іргесіндегі Қосшы қаласында үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Министрліктің мәліметінше, елімізде әлі 130 үш ауысымды мектеп бар. Ведомство мәселені кезең-кезеңімен шешеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!