Алматыда 323 мектепте алғашқы қоңырау соғылды
Алматыда 323 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Салтанатты шара тек білім ошағын алғаш аттаған 1 сыныптар арасында ғана өтті. Кейбір мектептерде 9 және 11 сынып оқушыларына да ұйымдастырылған.
Автор: Салтанат Шырынхан
01.09.2023
Алып шаһарда биыл 10 жаңа мектеп қолданысқа беріліп, 301 мыңнан астам оқушы мектеп партасына жайғасады. Оның 30 мыңнан астамы бірінші сыныпқа қабылданып отыр.
Алматыдағы білім ошақтарында да бүгін мереке ерекше форматта тойланып жатыр. Мектеп табалдырығын алғаш аттар күнді асыға күткен бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Қолына гүл алып, ұстаздарымен қауышуда. Ал оларды құттықтауға қаумалаған ата-анадан бөлек, қала әкімінің орынбасарлары арнайы келіпті.
Әсем Нүсіпова, Алматы әкімінің орынбасары:
- Біз бүгін қайта жаңартылған 15 мектепгимназиясында бас қосып отырмыз. Ескі мектеп бүгінде күрделі жөндеуден өтті. Осы уақыт аралығында сабырлық танытқан барша ата-анаға алғысымыз шексіз. Естуімше, өткен жылы оқушыларымыз Алмалы ауданындағы бірнеше мектепте уақытша білім алған. Бүгінгі білім күні баршамызға құтты болсын! Ең алдымен ұстаздардың жұмысына табыс тілмеймін.
Алғашқы қоңырауды думандатып өткізгендердің арасында №172 мектеп гимназиясы да бар. Мұнда да салтанатты шара тек бірінші сыныптарға ұйымдастырылған. Білімге қанат қаққан бүлдіршіндер тақпақ айтып, ән-биден шашу шашты.
Биыл бірінші сыныпқа келген 400 оқушымен қоса, бұл мектептің табалдырығын жаңа директор да аттады. 22 жылдан бері қаладағы білім ошақтарын басқарып келсе де, білікті маман да балаларымен бірге толқып тұрғандай.
Әлия Шорманова, №172 мектеп-гимназиясының директоры:
- №172 мектепгимназиясында 3100 оқушы бар. Жаңа мектеп табалдырығын аттайтын оқушыларымыз — 400. Мектеп ғимараты мектепті қабылдауға дайын. Мектеп асханасы жұмыс істеп тұр. Кабинеттер дайын. Кадрмен толық қамтылған. Биыл оқу жылында көбірек жас мамандарды тартуға тырыстық. Мектепте бөлек, бастауыш сыныптарға арналған ғимарат салынған.
Алматыдағы 172 мектеп-гимназия табалдырығын биыл 400-ден аса оқушы алғаш аттады. Енді мектепке құлшынып келген бүлдіршіндер мұнда екі ауысыммен оқиды. Барлығына жаңа әліппелер табысталыпты. Сондай-ақ биылдан бастап бастауыш сыныптарына тамақ тегін беріледі.
Осылайша аз қамтылған отбасылардан бөлек, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, шаһардағы 133 мыңға жуық оқушы тегін тамақтандыру көзделіп отыр. Бұл кез-келген ата-анаға әжептеуір демеу. Ал бүгін баласының алғашқы қадамын көргендері қатты қобалжып жүр.
Ернар Әуез:
- Бүгін тұңғыш егіздерім №172 мектепгимназиясының табалдырығын аттады. Екеуі де осыған дейін вокал сабағына барды. Өзі ұнататын үйірмелерге қатысып жүрді. Әрине, балаларымыз ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған соң кішкене толқимыз. Бұл мектепті таңдаған себебіміз, бұл мектептің тарихы үлкен. Талай түлектерді, талай мықтымықты азамат тәрбиелеп, тарыдай кіріп, таудай қылып шығарған.
Қоңырау соғылғаны сол еді, 1 сынып оқушылары өз сыныбына аттанды. Алғашқы күннен сабақты бастап кеткен олар, мектепке келіп партаға отырғанына мәз.
Жанайым Бақыт, 1 сынып оқушысы:
- Маған мектеп қатты ұнады. Сыныптастарыммен таныстым.
- Сабақты жақсы оқитын боламын.
Жаңа оқу жылында Алматыда алғаш рет бастауыш сынып және оқу ордасынан алыс тұратын оқушыларға арналған тегін автобустар іске қосылады. Бүлдіршіндерді тұрғылықты жерінен мектепке және білім ошағынан үйіне тасиды. «Мектеп автобусы» жобасы 30 мемлекеттік мектепті қамтып отыр.
Бүгінде Алматыда 215 мемлекеттік және 108 жекеменшік білім беретін ұйым бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!