Оралда «Трамадол королі» – Николай Карпов қамауға алынды
Оралда «Трамадол королі» атанып кеткен Николай Карпов сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Психотроп дәрінің саудасын қыздырып, талай рет істі болған 47 жастағы азамат бұл жолы алаяқтық ісі бойынша шатылып жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
04.09.2023
Полицияның мәліметінше, Николай Карпов және тағы бес адам көліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Сосын кепілде тұрған машиналарды шетел асырып сатып жіберген. Шығын көлемі 15 миллион теңгеден асып жығылады.
Жалпы, Карпов әлеуметтік желіде тек дәрігердің нұсқаулығымен ғана берілетін психотроп препаратты сатумен айналысатынын ашық айтып, ішкі істер органдарының назарына іліккен. Өткен жылы тәртіп сақшылары тексерген кезде оның көлігінен тыйым салынған тропикамидтің 400 құтысын тәркілеген. Алайда ірі көлемдегі химиялық нашаны тасымалдаған азамат ол кезде айыппұлмен құтылған.
Арман Оразалиев, БҚО ПД басшысы:
- ҚК 190-бабы, 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық іс бойынша шағын несие беру мекемесінде кепілде тұрған үш автокөліктің жымқыруына азамат К. және басқа да тұлғалардың қатысы бары анықталды. Олар автокөліктерді кепіл ретінде қойып несие рәсімдеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!