{metadescription}
Алматының мейрамханасында болған атысқа ақша себеп болуы мүмкін
Алматының мейрамханасында болған атысқа ақша себеп болуы мүмкін

Алматының мейрамханасында болған атысқа ақша себеп болуы мүмкін

Қарыз үшін қырғын салған. Алматының қымбат мейрамханасында болған атысқа қайтарылмаған қаржы себеп болуы мүмкін. Өткен демалыста қаланың элиталы ауданында бәз біреулер тапаншамен екі адамды атып кеткен еді.

Іші мен аяғына оқ тиген екі науқастың жағдайы қазір қалыпты. Ал ойран салған қаскөйлер әлі табылмай жатыр. Тек біреуі ғана қолға түскен.

Элиталы аудандағы атыс сенбіден жексенбіге қараған түні болған. Әңгіменің төркіні қымбат мейрамхадан басталыпты. 40-тың төңірегіндегі 4-5 ер адам әу баста бір дастархан басында отырады. Кейін аяқасты екеуі сөзге келісе алмай ерегіседі.

Жанжал сыртта жалғасады. Ақыр соңында дәл осы төңіректе төбелескен. Сол сәтте күтпеген жерден әл-Фараби даңғылынан ақ түсті көлік тоқтайды. Ішінен бетіне бетперде киген, болжам бойынша 3-4 ер адам көлігінен түсе салып атқан. Оқ іздерін әйнектен көруге болады.

Қаскөйлердің көздегені әйнек емес, адам екені белгілі. Макаров тапаншасынан атылған оқ біреуінің іші мен қолына, екіншісінің балтырына тиген.

Мейіржан Өтепов, мейрамхананың қауіпсіздік қызметінің басшысы:

- Біз оларды танымаймыз. Осы жерде бірінші рет көріп тұрмыз. Төбелестің, атыстың бәрі сыртта болған. Келген кезде автотұрақ қасында бір кісі жаралы жатқан. Бірінші көмек көрсеттік. Жедел жәрдем шақырдық.

Дәрігерлер ішіне оқ тиген ер адамға дереу ота жасап, аман алып қалған. Екіншісі отадан бас тартыпты.

Ғалымжан Пірмағанбетов, Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігері:

- Ота істелді. Ішегін ашып ота жасап, екі күн жансақтау бөлімінде жатып, қазір хирургия бөліміне ауыстырылды. Екіншісінің маңдай сүйегі сынған және балтырына оқ тиген. Екеуінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайы бір қалыпты.

Екеуі де осы аптаның ішінде ауруханадан шығарылады деп отыр. Ал эилталы ауданда ойран салған қаскөйлер әлі ұсталмаған. Әзірге тек қолға түскен біреуі ғана тергеліп жатыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:

- Қылмыс орнына Алматы ПД бастығы Арыстанғани Заппаров бастаған жеделтергеу тобы аттанды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Қалған қатысушылар анықталып, тиісті жауапқа тартылады.

Жауапкершілігі сол, күдіктілер қолға түссе, 7 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін. Мейрамханадағылар екі топ арасындағы жанжалға қомақты қарыз себеп болғанын айтады. Зардап шеккен екеуі ағайынды екені де айтылып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде