Министрлер әкім болды, әкімдер министр болды
Үкіметтен басталған ауыс-түйіс бүгін аймақтарда жалғасты. Президент жарлығымен Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласына жаңа әкім тағайындалды. Үкіметтегі бос тұрған соңғы министрлікке де басшы келді.
Автор: Айғаным Достанбай
05.09.2023
Министрлер кабинетінің жаңарған құрамы бастан-аяқ бекіді десе де болады. Бұл жолы облыс басқаруға келгендер,Үкіметке, сәйкесінше, ондағылар өңірлерге ауысып жатыр. Сол жағалаудағы ауыс-түйіс қалай жалғасты?
Министрлер әкім болды, әкімдер министр болды. Президент жолдауынан кейін басталған Үкіметтегі ауыс-түйіс бүгін аяқталған сыңайлы. Өткен аптадан бері бос тұрған Зүлфия Сүлейменованың қызметіне, яғни экология министрі болып Ерлан Нысанбаев жайғасты. Осылайша Смайылов командасының төрт құбыласы теңесіп, жұмысына кірісті.
Үкіметтің жаңарған құрамына сәйкес, премьер-министрдің бұдан былай алты бірдей орынбасары бар: Роман Скляр, Ғалымжан Қойшыбаев, Ерұлан Жамаубаев, Мұрат Нұртілеу, Серік Жұманғарин, Тамара Дүйсенова. Осыған дейін 19 министрліктің екеуінде құрылымы қайта қаралып, жаңа екі министрлік жасақталып, қазір жалпы саны 21 болды. Жалпы алғанда Үкіметтің үштен бірі жаңартылған.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
- Меніңше, әкімдіктерге, министрліктерге, Үкіметке жұмыс форматын айтарлықтай деңгейде қайта қарастыруға тура келетін сияқты. Шенеуніктер сыннан қорқады. Олар мінсіз болсын деген стереотип қалыптасып қалған. Ештеңе ітемейтін адам ғана қателеспейді. Дегенмен сол қателікті олар өз мойынына алудан қашпайтындай үрдіс қалыптастыру керек. Сондайақ алдағы уақытта министр болсын, әкім болсын, бір орында бірнеше жыл отыруына талпынуымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады. Кейде оларға өзін көрстуге уақыт жетпей қалып жатады.
Сол жағалаудағы ауыс-түйіс енді аймақтарда жалғасуда. Президент аппаратының басшысы Олжас Бектенов бүгін Ақмола облысының мәслихат депутаттарына өңір басшысы лауазымына екі үміткерді ұсынды: экс-министр Марат Ахметжанов пен Мұрат Балпанның кандидатурасы. Дауыс берудің нәтижесінде 177 депутат Марат Ахметжановтың, 73 депутат Мұрат Балпанның кандидатурасын қолдап дауыс берген. Нәтижесінде бұрынғы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды.
Олжас Бектенов, ҚР Президент әкімшілігінің басшысы:
- Марат Мұратұлы Ахметжанов 1964 жылы дүниеге келген. Прокуратура органдарына маңызды міндеттерді атқарған. Мансап жолында аудан прокуратурасындағы қарапайым тергеушіден министрге дейінгі жолды жүріп өтті. Сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында да тәжірибесі мол. Марат Мұратұлын бүгінгі тағайындаумен құттықтап,сәттілік тілеймін.
Нұржан Нұржігітов жаңа құрылған су ресурстары министрлігінің тізгінін ұстағаннан кейін Жамбыл облысының әкімі лауазымы кешелі бос тұрған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Әулиеата жеріне экс-министр Ербол Қарашөкеев әкім боп барды. Тура екі жыл ауыл шаруашылығы саласының басы-қасында жүрген Ербол Шырақбайұлының бұл жақта да еңсеруі тиіс міндеттері шаш етектен.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Оның ішінде халықты және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мәселесі. Ол өздеріңіз көріп отысыздар, ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Жалпы дүниежүзінде де, мемлекет шеңберінде де, облыста да, ең күрделі мәселенің бірі. Сондықтан да мемлекет басшысының шешімімен арнайы министрлік құрылып отыр.
Түйіншектерін жинастырып, қызметімен қош айтысып жатқан шенеуніктердің қатарында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов та бар. Ералы Лұқпанұлының өңірге сапарлап барған журналистермен таяудағы сұхбаты жұрт талқысына түскен еді. Тілді сылтауратып, проблемалы сұрақтардан басын алып қашқаны Тоғжановтың мансабына әсер етті ме, әйтеуір бүгін мемлекет басшысының жарлығымен ол жұмысынан босатылды. 60 жастағы шенді саясат сахнасынан біржола кетті ме, жоқ па, ол әзірге уақыт еншісінде. Ал оның орынына осыған дейін Ақтөбе қаласының әкімі болған, белгілі спортшы Асхат Шахаров тағайындалды.
Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов те отставкаға кетті. Жоғарыда есімі аталғандардың арасында бір орында ең ұзақ отырғаны тек Мұрат Дүйсенбекұлы қана. Мегаполисті үш жылға таяу уақыт басқарған Әйтеновтің орынына Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған Ғабит Сыздықбеков келді. 43 жастағы Ғабит Әбдімажитұлы бұған дейін сыртқы істер министрлігінде де лауазымды қызметтер атқарған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!