{metadescription}
Ішіп алып ойран салған: БҚО тұрғыны үш адамды жаралаған
Ішіп алып ойран салған: БҚО тұрғыны үш адамды жаралаған

Ішіп алып ойран салған: БҚО тұрғыны үш адамды жаралаған

Ішіп алып ойран салған. Батыс Қазақстан облысында аңшы мылтығымен үш адамды жаралаған тұрғын ұсталды. Зардап шеккендердің ішінде екі жасар бала да бар. Бытыра сәбидің аяғына тиген. Қазір ол ауруханада жатыр. Сырым ауданындағы оқиға қалай болғанын КТК тілшісі біліп келді.

Айдың күннің аманында Аралтөбе ауылында атыс шығарып жүрген 48 жастағы шаруа қожалығының басшысы болып шықты. Ішімдікке сылқия тойып алған ол кешкі сағат алты шамасында сол ауылдың тұрғынымен жанжалдасып, ақырында төбелеседі.

Арман Оразалиев, БҚО ПД бастығы:

- Күдікті өзінің Lexus маркілі автокөлігінен әйелінің атына тіркелген аңшы мылтығын алып, бірнеше рет қарсыласына қарай оқ атқан. Ауыл тұрғыны сол жақ жаңбасынан және аяғынан жарақат алған. Жергілікті 59 жастағы ауыл тұрғыны мен оның бүлдіршін немересі де жарақат алған.

Аңшы мылтығынан атылған бытыра екі жасар сәбидің де, оны ертіп жүрген әжесінің де сол аяғына тиеді. Жедел жәрдем екеуін ауруханаға жатқызған. Қазір жағдайы оңалыпты.

Айгүл Құлбарақова, БҚО денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызмет ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

- Үшінші науқас 89 жылғы ер адам стационарлық көмектен бас тартып, қазір амбулаторлық ем алуда. Ол да сол денесіне, басына жарақат алған, емделіп жатыр. Үшеуінің де жағдайы қалыпты.

Ал қаскөй қырғын салып алып, бірден өзінің көлігімен ізін суытқан. Тәртіп сақшылары түні бойы іздеп, ақыры қолға түсірді. Мылтығы тәркіленді. Қазір адам өлтіруге оқталу бабымен іс қозғалып отыр.

Арман Оразалиев, БҚО ПД бастығы:

- Полиция департаментімен жеделіздестіру шараларын жүргізу қолға алынды, «тосқауыл» жедел жоспары енгізілді және өңірдің барлық жеке құрамына бағдар берілді.Нәтижесінде күдікті ұсталып, ол Сырым ауданы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Кейбір қауесеттерге сенсек, атыс шығарған күдікті заңды пысқырмайтын ауылдың менмен азаматы. Өзіне жақпай қалған 34 жастағы тұрғынға ішіп келіп, оқ атпас бұрын жарты сағаттай соққының астына алған дейді. Не де болса, ақ-қарасын полицейлер анықтар. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде