Дәулет Тұрлыханов ұлының қылығын журналистерден естіп таң қалды
Мәжілісмен Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлының басы дауға қалды. Мәжіліс депутатының ортаншы баласы қызды соққыға жыққан сәті әлеуметтік желіде тарады. Алматылық бойжеткен екеуара жанжалдан кейін денесінің көгеріп қалғанын көпшілікке көрсетіп жар салды. Кіші ұлының тентектігінен енді ғана есін жия бастаған Тұрлыхановтың өзі ортаншы ұлының қылығын журналистерден естіп таң қалды.
Автор: Айғаным Достанбай
06.09.2023
Бақылау камерасында бойжеткенді бар күшімен итеріп соққыға жыққан жігіт — депутат, танымал спортшы Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлы. Ева есімді алматылық бойжеткен сүйіктісі Әкежан Тұрлыхановтың өзіне қол көтерген видеосын әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеген. Жүктеп қана қоймай, денесіндегі соққының ізін суретке түсіріп салыпты. «Депутаттың ұлдары әкелерінің тегін масқаралауда» деген ол, «осының бәрін өзге қыздарға сабақ болсын деген оймен жаздым» дейді.
- Мен үйге бетібасым көгеріп келгенде, анам бірден бейнекамераның жазбаларын сұратты. Ол берген жоқ. Тек тұрғын үйдің кіреберісінде шамалы жанжалдасып тұрған бөлігін ғана жіберіпті. Мына видеолар менің қолыма енді ғана тиіп отыр. Оның әкесі өте сыйлы кісі. Сол себепті бастапқыда құқық қорғау органдары менің арызымды қарамайды деген ойда болды. Кейін учаскелік полицеймен сөйлескенімде, екі ай өтіп кеткеннен кейін ешқандай да шағым қабылданбайтынын айтты.
Түс ауа Мәжіліс отырысынан шыққан депутат Дәулет Тұрлыхановтың өзі тағы бір ұлының тентектік жасағанынан бейхабар екен. Бірақ бір емес, осымен екінші ұлының басы дауға қалып отырғаны депутатқа еш әсер етпеген тәрізді.
- Да? Мен телефонды жоғарыға тастап кеткем, кабинетіме.
Соңында «жастар не де болса, өздері шешсін» деп, миығынан күліп жауап қатты.
Дәулет Тұрлыханов, Мәжіліс депутаты:
- Ересек бала ғой, Әкежан. Өздері шешесін.
- Онымен әке ретінде әңгімелесіз бе? Бұл бірінші рет қайталанып тұрған жағдай емес.
- Міндетті түрде.
- Үйлеріңізде әйелге қол көтеру қалыпты нәрсе сияқты әсер береді. Сіздің әйелге қол көтерген кездеріңіз болды ма?
- Жоқ.
Артынша, желіде Әкежан Тұрлыханов пен бойжеткеннің жандалдасып жатқан видеосының толық нұсқасы тарады. Бейнежазбадағы көріністе қыздың өзі жігітке бірінші барып соқтығысқанын байқауға болады. Дегенмен депутаттың ұлының әрекетін не десе де ақтауға келмейтіні белгілі. Құзырлы орындарға да ешкімнен арыз-шағым келіп түспеген екен.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Алматы қаласының полиция департаменті бұл факті бойынша ішкі істер органдарына өтініш түспегенін хабарлайды. Дегенмен видеодағы адамдардың түртұлғасы анықталды. Олар полицияға арыз беруден бас тартты. Бұл оқиға сол күні шешімін тапқанын айтып хабарлады.
Тұрлыхановтардың есімі елді шулатқаны осымен екінші рет. Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айының ортасында атақты балуанның тағы бір ұлы ерлі-зайыпты адвокаттарды тепкілеп, сабаған еді. Кіші Тұрлыхановтың әскери борышын өтеп жүріп, осындай бассыздыққа барғаны қоғамда резонанс туғызды. Ақыры депутат әкесі ел-жұрттан кешірім сұрап, шудың аяғы енді-енді басылды ма дегенде, екінші ұлының әрекеті үшін көптің алдында қызаруына тура келіп отыр. Дегенмен әлеуметтік желідегі парақшасында аталған оқиғаға қатысты түсінік берген депутат, баласының титтей де кінәсі жоқ екеніне сенімді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!