Астананың сегіз мектебінде оқушылар үш ауысыммен оқуға мәжбүр
Астананың сегіз мектебінде оқушылар үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Сол жағалаудың жаңа аудандарында мектеп жетіспегені сонша, қазір бір сыныпта 40 баладан білім алуда. Оқушылар үзіліс кезінде дәлізде иін тірескен нөпірде қысылып қалып жатыр.
Автор: Айжан Шамшидин
06.09.2023
Шағымданған ата-аналар барар басқа білім ошағымыз болмай тұр дейді. Қалталылары жеке меншік мектепке біртіндеп кете бастаған. Бір жерге шоғырланған 10-нан астам тұрғын-үй кешеніне неге бір мектеп қана салынған?
Астананың сол жағалауындағы бұл мектеп 1200 балаға шақталған. Бірақ қазір білім ордасының жүктемесі шамадан тыс көбейген. Биыл бірден 5600 бала үш ауысыммен білім алуларына мәжбүр.
Ал бір сыныптың өзінде сығылысқан парталарда 40 баладан отыр. Моншадай қайнаған тар кабинетте білім алған оқушылардың арасында кейбіреулері тіптен 3-ші сыныпқа келсе де, әріп танымайды екен.
Меруерт Сейітбекова, Астана қаласының тұрғыны:
- Бұл білімнің сапасы ғой. 1200 оқитын мектепте 5600 бала алу деген бір сыныпта 36 бала отырады, бұл қандай білім? 3ші класқа дейін әріп білмейді, біз 30 жыл бұрын мектеп бітіргенбіз, ол кезде ондай болмайтын.
Ал әр ауысымның оқушылары сабақтары бітіп, үйлеріне кетерінде қызықтың көкесі басталады. Сыртқы киімін алу үшін гардеробқа түкендер мектеп дәлізіндегі кептеліске тап болады. Иін тірескен оқушылар арасында әсіресе төменгі сыныптың балалары жаншылып қалуда.
Ата-аналар бала қабылдауда мектеп мүмкіншілігі мүлдем ескерілмеген деп дабыл қағуда. Даланы қойғанда енді мектептің өзінен аман келсе екен деп шыбын жанын шүберекке түйіп отыр.
Мектеп басшылығы мәселенің мән-жайына қанық. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Құжатын арқалап келген ата-аналардың бетін қағуға еш қақымыз жоқ дейді директор.
Майя Мұқашева № 71 мектеп директоры:
- Заң бойынша осы тұрғылықты халықты біз қабылдауға міндеттіміз. Ешқандай шектеу қоя алмаймыз. 2024 жылы осы Астана қаласында 24 мектеп салынуда. Жанымызда НұраЕсіл ауданында 11 меткеп салынады. Сондықтан біздің балаларды сол жаңа мектепке көшеді.
Жалпы басқасы басқа, Астананың өзінде 8 мектеп дәл осындай үш ауысыммен оқиды. Себебі жаңадан бой көтерген аудандарда мектеп пен бала бақша жоқтың қасы. Жұрт көршілес аудандарға балаларын тасып тентіреп кеткен. Білім басқармасы келер жылы жаңа білім ошақтарының ашылуымен мәселе шешіледі деп отыр.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қала әкімі Жеңіс Қасымбекті жеке қабылдағанда мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Ол үшін үй саларда әлеуметтік нысандарды ұмытпау қажет деп ескерту жасады мемлекет басшысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!