Алматының 8 мыңнан астам оқушысын тегін автобус тасиды
Алматының 8 мыңнан астам оқушысын тегін автобус тасиды. Бүгін қалалық әкімдік қыркүйектің бірінен іске қосылған жобамен таныстырды. Мегаполистегі 30 мемлекеттік мектепке жалпы саны 100 автобус бөлінген.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.09.2023
Үйі қашық, білім ордасына жетуі қиын оқушылардың тізімі осы жазда жасалған. Сынып бойынша шектеу жоқ. Сары автобустар таңғы алты жарымнан бастап жүреді. Балаларды белгіленген аялдамадан алып кетеді.
Сондай-ақ мектеп қызметкері міндетті түрде бас-көз болады. Елу және жүз орындық автобустарға бақылау камерасы орнатылған. Әр орындықтың қауіпсіздік белдігі бар. Әкімдік келер жылы бұл көлік түрін көбейтуді көздеп отыр. Өйткені ата-аналар тарапынан қазірдің өзінде сұраныс артып отыр.
Ләззат Жылқыбаева, Алматы білім басқармасының басшысы:
- Бүгінгі таңда 8258 бала. Бірақ күнненкүнге мектептерден, ата-аналардан сұраныс түсіп отыр. Сондықтан менің айтайын дегенім, бұл жоба тоқтап қалмайды. Ары қарай қажеттілікке байланысты жалғасын табады. Мысалы, қазір қала бойынша 12 500 ден астам қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан келесі жылға тағы да 50 автобус қосуды жоспарлап отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!