Алматыда тұрғын үйге алып кран соғылды
Алматыда тұрғын үйге алып кран соғылды. Құрылыс алаңындағы техника Exclusive Star тұрғын үй кешеніндегі үйдің бұрышын бұзып, қасбетін қиратып жіберген. Сол сәтте үйдің ішінде адамдар болған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
07.09.2023
Зәресі ұшқан тұрғындар осы оқиғадан кейін өре түрегелді. Олар үйінен 4-5 адым жерде жүріп жатқан өзге баспананың құрылысын түбегейлі тоқтатуын талап етіп отыр.
Кранның ұшы үйге қадалып тұрған сәті. Оқиға күні кеше болған. Exclusive Star тұрғын үй кешеніне тақалып жүріп жатқан құрылыс алаңындағы алып құрылғының жүргізушісі басқара алмай қалды ма, ұйықтап кетті ме, белгісіз, әйтеуір ұшымен баспананың бұрышын бұзып өткен.
Кенжеқыз Қабышева:
- Көктен бір бомбы түскендей болды. Зәрем кетті. Не істерімді білмедім. Баланы мектепке апаратынмын, қорқып, апармай қойдым. Кішкене жұрттың жағдайына қарасын. Келіп көрсін, үйлерді. Кранмен істеген кісіден сұрау керек, тападай тл түсте неге солай істеген.
Осы оқиғадан кейін тұрғындардың шыдамы таусылған. Өйткені көктемнен бері күндіз де, түнде де тоқтамай қызу жүріп жатқан құрылысқа қарсы бұқара талай мәрте әкімдіктегілерге шағымданыпты. Бірақ мәселеге құлақ түрген ешкім болмады деп отыр.
Самал Сәбитова:
- Біз бұл құрылыстың тоқтатылуын қалаймыз. Өйткені құрылыс басталғалы бері заңбұзушылықтар көріп келдік. Біріншіден, тыныштықты бұзды. Олар түнде де жұмыс істеп мазаны алды. Екіншіден, құрылыс біздің тұрғын үй кешеніне тым жақын жүргізіліп жатыр. Қоршаудан үш метр ары болуы керек емес пе?
Ол жерге тағы бір тұрғын үй кешені салынып жатыр екен — Loro Residence. Компаниядағылар кранға қатысты өз кінәсін мойындап отыр. Жүргізуші тиісті айыппұл арқалапты.
Әміржан Ақпан, құрылыс компаниясының жоба жетекшісі:
- Кран компаниясы жауапқа тартылды. Оның механик жүргізушісі жауапқа тартылды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінен бізге айыппұл келді. Біздің тараптан бүкіл жұмысты өзіміздің шоттан жасаймыз. Жақын арада бітіруге тырысамыз. Бүгін жұмыс басталды.
Ал тұрғындарға түнде тыныштық бермегені үшін компаниядағылар бірнеше рет жазаға тартылыпты. Айыппұл арқалаған. Десе де құжаттарымыз түгел, құрылысты тоқтатпаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!