Digital Wave-2023: Сарапшылар жетістігі мен кемшін тұсын жіпке тізді
Цифрландыру платформасы болмаса, бизнестің алға басуы екіталай. Маркетинг саласының мамандары осындай мәлімдеме жасады. Алматыда Digital Wave-2023 халықаралық конференциясы өтті. Осы индустрияның көшбасшылары әлемдік тренд пен Қазақстанның жарнама нарығындағы ахуалды талқылады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
07.09.2023
Digital Wave 2023 конференциясында аншлаг. Мұнда жарнама нарығы, цифрлық платформалардың әккі мамандары бас қосты. Саланың жайын бес саусағындай жатқа білетін сарапшылар бұл нарықтың жетістігі мен кемшін тұсын жіпке тізді. Мәселен, жоғары санаттағы кадр тапшы. Жасанды интеллект жайы тілге тиек болды. Халықаралық жиын осымен екінші рет өтуде.
Дмитрий Маров, Орталық Азия жарнама қауымдастығының төрағасы:
- Жарнама мен маркетинг саласының ішінен диджиталға басымдық беріп, осы конференцияны өткізіп жатырмыз. Өйткені цифрлық платформа күнненкүнге қарқынды даму үстінде. Әрі оны қолданушылардың да қарасы күрт өсті. Сондықтан диджиталға қатысты тың ақпарат айтылатын осындай конференциялардың маңызы зор.
Спикерлер тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие медиа өнім мен диджитал ортаның алдағы бағыттарын да талқыға салды. Аудиторияны көбейту және оны қызықты контентпен ұстап қалудың құпияларымен бөлісті. Қазақстандық мамандардың тәжірибесі мол. Оған өзге елдердің бізбен байланыс орнатуы дәлел.
Шерәли Журабаев, Sky CA/Tajikistan компаниясының атқарушы директоры:
- Мен Душанбеденмін. Орталық Азиядағы жарнамаға қатысты үлкен жиын болғандықтан, арнайы келдім. Өйткені дәл осы жерде түрлі зерттеу қорытындылары мен нарықтың соңғы жаңалығы айтылады. Орталық Азия бойынша Қазақстан көш басында деп айтсақ артық болмас. Маргетинг пен жарнама технологиясының соңғы жаңалығы бізге Қазақстаннан келеді.
Халықаралық конференцияға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей секілді тоғыз мемлекеттің 500-ден астам өкілі келді. Ұйымдастырушылар әрқайсының пайдалы ақпарат пен саласына серпін берер тәжірибе алмасқанына сенімді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!