{metadescription}
СҚО: Аққайыңда оқушылар құрылысы аяқталмаған мектепте оқып жатыр
СҚО: Аққайыңда оқушылар құрылысы аяқталмаған мектепте оқып жатыр

СҚО: Аққайыңда оқушылар құрылысы аяқталмаған мектепте оқып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы оқушылар құрылысы аяқталмаған мектепте оқып жатыр. Аққайың ауданындағы білім ошағы бірінші қыркүйекте пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ әлі күнге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оқушылар асханасы ашылмаған, дәретханасы жоқ, қолқаны қабар бояудың иісіне тұншығып білім алуда. Алайда шенеуніктер өңірдегі білім беру ошақтары жаңа маусымға сақадай-сай дайын деп есеп берген.

Оқу жылы басталғалы мектепте күн сайын балаларды дарылдаған құрылысқа қажет құрылғылардың құлақ тұндырар  дыбысы мен түрлі бояудың өткір иісі қарсы алады. Табалдырықты аттасымен көретіні қалақ ұстаған құрылысшылар. Олар асхананың төбесін енді жөндей бастапты. Ал спорт залында құрылыс материалдары үйіліп жатыр. Соған қарамастан оқушылар мектептің екінші қабатында білім алуда.

Александр Махиня, Рублев орта мектебінің директоры:

- Бағдарламаны қысқартқан жоқпыз. Бірақ, сабақты ертерек аяқтап жүрміз.Өйткені балаларға тамақ ішу керек. Дене шынықтыру сабағы әзірге сыныпта өтеді. Тоғызқұмалақ сияқты ойындар ойнайды. Екінші тоқсанда бәрі өзгеруі тиіс.Спортпен шынығуды сонда қолға аламыз.

Білім бөліміндегілер құрылыс тамыз айында аяқталуы тиіс еді дейді. Бірақ, аяқасты есіктер мен төбе жабындылары жеткізімей қиындыққа тап болған. Алқам-салқамы шыққан даладағы дәретханаға, мектеп ішіндегі  сапырылысқан құрылысшыларға қарамастан оқу жылын кешіктірмеуді шешкен.

Сайранбек Жақыпов, Аққайың ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Тамыздың 31–де мектепте болғанда оқу кабинеттері дайын болды. Сылап,сырлау да аяқталған. Ал әлі де жөнделіп жатқан спорт залы мен мәжіліс залына сырттан кіретін бөлек есік бар. Сондықтан балаларға еш кедергі болмайды деп ойладық.

Жөндеуге бюджеттен 135 миллион теңге бөлінген. Шенеуніктер жауапсыздығы үшін мердігер жазаланады деп отыр. Олар жақын арада жұмыс толық аяқталады деген сенімде.

Қайрат Бабақов, Аралағаш ауыл округінің әкімі:

- Ең әрі кеткенде 10 күнде құрылыс жұмысы толық аяқталады. Негізінен ауылдың барша халқы мектептің жөнделгеніне қуанышты. Аздап сырдың иісі шыққанына да ешқандай  шағым жоқ. Бұның барлығы ертең басылатын нәрсе.

Мектептегі жағдайға мұғалімдер мен оқушылардың көнбеске амалы амалы жоқ. Себебі білім ошағының жөнделгенін ауыл тұрғындары 40 жыл күткен. Енді олар құрылыстың аяқталуын асыға күтіп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде